"КӨРГІМІЗ КЕЛДІ": ЖОҒАЛҒАН ОҚУШЫ ҚЫЗДАР АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНАН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 23.01.2020
Оқылды: 1675
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Екі күн бойы ел аумағында іздеу салынған оқушы қыздар - Ару мен Талшын табылды. Олар тұрып жатқан ауылынан 250 шақырым қашықтықтағы Алматы қаласына кетіп қалған.

Бұл туралы қыздардың ата-анасы желіге бейнематериал жүктеп, қуанышымен бөлісіп, жұмыла іздеген көпшілікке, құзырлы мекеме өкілдеріне алғыс айтты. Сондай-ақ, жоғалған қыздардың Алматы қаласы, Әуезов ауданынан табылғаны туралы деректі Ескелді ауданы әкімінің баспасөз қызметі де растады.

Ескелді ауданы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғалған қыздардың үйден кету себебі, олардың бар болғаны Алматы қаласын көргілері келгенінде болып шықты. "Алматы қаласын көргіміз келді", - деген олар. Қазіргі таңда құзырлы мекеме өкілдері оқиғаның мән-жайын зерттеп жатыр.

Оқушылардың Алматы қаласында ешқандай туысы болмаған. Әлеуметтік желі арқылы әлдекімдер үгіттемеген. "Көпшілік! Қызымның аман-есен табылғанына қуанып отырмын. Ескелді ауданының полицейлеріне рахметімді айтамын. Қызым, міне, дені сау, аман-есен. Тауып берді. Барлық көпшілікке рахмет!" - дейді қыздардың ата-анасы.

Айта кетейік, мұның алдында "Жетісу" газетінің сайты Ескелді ауданының екі оқушы қызы жоғалып кеткенін хабарлаған еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"