"ҚҰЖАТ ЖОҚ МЕНДЕ": ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНЕ БАҒЫНБАЙ МА?

Уақыты: 27.01.2020
Оқылды: 1032
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының жол сақшылары Ескелді ауданы әкімдігінің аумағында бірнеше заңбұзушылықты тіркеді. Атап айтқанда, "Кіруге тыйым салынады" деген жол белгісіне бағынғысы келмеген аудандық әкімдік қызметкеріне ескерту берілді. Сондай-ақ, мүгедектердің тұрағына көлігін қойған Ескелді ауданы әкімдігінің тағы бір лауазымды қызметкеріне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ең сорақысы сол, жол ережесін бұзудың үшінші дерегі де Ескелді ауданы әкімдігіне қатысты болып шығып, қызметтік көлік айып тұрағына қойылды.

Арнайы рейд кезінде анықталған заңбұзушылықтар туралы толық бейнематериал "Facebook" әлеуметтік желісіне жүктеліп, аймақ тұрғындарының қызу талқысына түсті.

Бейнематериалда көргеніміздей, бірінші оқиға бойынша Ескелді ауданы әкімдігі алдында жол ережесін бұзған азамат қоғамдық орында камераға түсіруге қарсылық танытып, дауыс көтереді. Түсіру тобы болса, бұл қоғамдық орын екенін, жол полицияларының жұмысын көрсетіп тұрғанын айтып, жол ережесін бұзған азаматқа өз мақсаттарын түсіндіреді. Аудандық әкімдік қызметкері түсіру тобымен тәжікелескен соң кінәсін мойындап, көлігін басқа жаққа қояды.

Ескелді ауданының сәулет және қалақұрылысы бөлімінде қызмет атқаратын екінші азамат "Мерседес" маркалы көлігін мүгедектердің тұрағына қойғаны үшін полицейлердің назарына ілікті. Ол түсіру тобынан қашып, қызмет үстіндегі жол полицейлерінің нөмірін, аты-жөнін сұрап, телефон арқылы әлдекімге хабарлайды. Тіпті, "құжаттарыңызды көрсетіңіз", - деген талапқа мойынсұнбай, полицейлердің көлігіне отырудан бас тартады. "Тоқтаңыз, аға," - деген жолполдың сөзін тыңдамастан оқиға орнынан аулағырақ барып, телефон шала бастайды.

- Құжаттарыңыз қайда? Аға, сізден сұрап тұрмын, - дейді полиция өкілдері. Ал шенеунік:

- Құжат жоқ менде, - деп жауап береді. "Атыңыз кім болады?" - деген сауалды да жауапсыз қалдырады.

- Аға, кімге звондасаңыз да хаттама толтырылады.

- Бәріне толтырып жүрсің бе?

"Бәріне толтырып жүрмін. Камераға қарап айтсаңызшы", - дейді полицей. Бірақ жол ережесін бұзған әкімдік қызметкері камераға қарамайтынын айтып, теріс бұрылады. Ал құзырлы мекеме өкілі азаматқа заңға бағыну керектігін айтып, құжаттарын көрсетуді сұрайды. Ұзақ уақыттан кейінгі тәжікелесу соңы хаттама толтырып, айыппұл салумен нүкте қойылады.

Үшінші жол ережесін бұзу дерегі Ескелді аудандық білім бөлімі басшысының қызметтік автокөлігіне қатысты болды. Аталған автокөлікпен түнгі уақытта мейрамханадан белгісіз біреулер тасымалданған. Көліктің жүксалғышынан бірнеше ішімдік пен сусындар табылды. Бұл көлікке де хаттама толтырылып, айып тұрағына тоғытылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Ескелді ауданы

Алматы облысы