"ЖІЛІКТЕЛГЕН": ЕЛІК ЕТІН ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАҒАН ЕКІ АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 28.01.2020
Оқылды: 1751
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында заңсыз елік атты деген күдікке ілінген екі азамат құрықталды. Олардың көлігінен еліктің жіліктелген еті табылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Күдікке ілінгендер етті жол бойынан тауып алғанын айтып, кінәсын мойындамай отыр. «Іле-Алатау ұлттық паркінің мобильді топ инспекторлары рейдтік шара барысында Кеген ауданы аумағында «Хонда» маркалы автокөлікке мінген Алматы облысының Н.Д. (1981 ж.т.) және К.Ұ. (1981 ж.т.) есімді екі азаматын ұстады. Көлікті тексеру барысында бес пакетке салынған екі елік аңының жіліктелген еті, "Вепрь" және "Магнум" маркалы екі қару, 12 калибрлі 21 оқ, 223 калибрлі 18 оқ, 308 калибрлі 2 оқ, дүрбі мен әртүрлі пышақ табылды», - деп жазды Сәкен Ділдахмет.

Күдіктілердің айтуы бойынша, олар етті жол бойында тауып алып, Кеген аудандық полиция бөліміне жеткізбекші болған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"