ТАҒАЙЫНДАУ: ГЕНЕРАЛ-МАЙОР БҰРЫНҒЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

Уақыты: 29.01.2020
Оқылды: 1153
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Президент Әкімшілігінің және Алматы облысы әкімінің келісімі бойынша Алматы облысы полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Серік Мырзақұлұлы Күдебаев тағайындалды. Бұл жайында толығырақ "Полиция.кз" ақпараттық медиа порталы жазды.

Полиция генерал-майоры Ұрымханов Мұрат Жәлелұлы кадр резервіне алынды.

Полиция департаментінің жаңа бастығын жеке құрамға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды.

Серік Күдебаев 1965 жылы 1 қаңтарда Алматы облысында дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды Ішкі істер министрлігі жоғары мектебін бітірді. Еңбек жолын Алматы облыстық атқару комитетінің ішкі істер басқармасы Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастады (1990-1994 жылдар). Әр жылдары қылмыстық іздестіру, криминалдық полицияда жұмыс істеді.

2006 жылы Алматы облысының Ішкі істер департаменті Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімінің басшысы болып тағайындалды, 2007 жылы Алматы облысының ішкі істер департаменті Қарасай ауданының ішкі істер басқармасының бастығы, 2009-2012 жылдары Алматы облысы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, 2012 жылдан 2013 жылға дейін Алматы облысы ішкі істер департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. 2013 жылдың қазан айынан Алматы қаласы полиция департаментіне басшы болды.

Осыдан бірнеше жыл бұрынғы өзіне жете таныс қызметіне қайтып оралған генерал-майор биыл 55 жасқа толды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"