АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ӘСКЕРДЕГІ ҚЫЛМЫС 50 ПАЙЫЗҒА АЗАЙДЫ

Уақыты: 07.02.2020
Оқылды: 1818
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әскери ортада жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтарды анықтауды, ескертуді, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді, алдын ала тергеуді жүзеге асыратын, ҚР ішкі істер органдарының жүйесіне кіретін құқық қорғау органы саналатын әскери-тергеу органдарының тарихы мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдардан басталады.

Сол жылдары әскерде жасалған қылмысты гарнизондардағы әскери прокуратураның тергеушілері тергейтін. Кейін 1996 жылы Мемлекеттік тергеу комитеті құрылып, аталған құрылымның ішінде әскери-тергеу органдары жұмысын бастады. Әскери қылмыс пен әскери қызметшілер жасаған қылмыстық істерді тергеп келген орган 1997 жылы жабылған соң әскери тергеу органдары Ішкі істер министрлігінің құзырына беріліп, сол жылдың қараша айында ҚР Ішкі істер министрлігінде әскери-тергеу департаменті құрылды.

Бұл органның құрамында тергеушілерден басқа жедел-іздестіру бөлімдерінің жедел уәкілдері бар. Олар ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық Ұланның, ҰҚК Шегара қызметінің әскери қызметкерлері және осы үш органның құрамындағы әскери полиция органдарының қызметкерлері жасаған қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергейді. Кей жағдайларда көпшілік әскери-тергеу органдарын әскери полиция органдарымен шатастырып жатады. Негізі әскери-тергеу органдары қылмыстық қудалауды тергеу нысанында жүргізіп, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеуге алса, әскери полиция органдары онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша анықтауды жүргізеді. Сонымен қатар, әскери-тергеу органдары әскерилер жасаған сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік мүлікті жымқыру сынды деректер бойынша тергеуді жүзеге асыратын жалғыз орган.

ҚР ІІМ-нің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Талдықорған бөлімінің қызметі ең алдымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының әскери бөлімдерде заңдылықты және әскери тәртіпті сақтау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға, құқықтық бұзушылыққа мүлдем төзбеу қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған орай ҚР ІІМ-нің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Талдықорған бөлімінің мамандары біршама жұмыс атқарып, әскердегі құқықбұзушылықты болдырмау, алдын алу, азайту, әскери тәртіпті және әскерлердің жауынгерлік даярлығын арттыру сынды міндеттерді орындап келеді. Әскери прокуратура және әскери полиция органдарымен бірлесіп жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде Талдықорған, Үштөбе және Үшарал гарнизондарында былтыр жалпы қылмыстық құқықбұзушылықтың саны 50 пайызға азайды. Сонымен қатар, өткен жылы аса ауыр 1 ғана қылмыс тіркелді.

Алайда әскери-тергеу бөлімдерінен қашықта жатқан Үшарал гарнизонында (ҚР Қорғаныс министрлігінің 40398 және ҚР ҰҚК шегара қызметінің 2484 әскери бөлімдері) әскери қызметкерлер жасаған қылмыстық құқықбұзушылық азаймай тұр. Бұл жағдай, біріншіден, әскери қызметшілердің жеке тәртіпсіздігінен хабар берсе, екіншіден, әскери бөлімдер басшылығының қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамай отырғанын, қажетті бақылаудың жоқтығын және әскери қызметкерлерге Жарғылық тәртіпті сақтау ережелерінің дұрыс жеткізілмегенін білдіреді. Көп жағдайда әскерилер әскери қызмет өткерудің қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру екендігін және әскери қызметшілердің адамгершілігі мен моральдық-этикалық келбетіне жоғары талаптар қойылатындығын ұмытып жатады.

Мысалы, №2484 әскери бөліміне қарасты застава бастығы А. заставаға іссапарға жіберілген капитан К. екеуі заставаның жеке құрам жауынгерлеріне өздері үлгі болып, дұрыс тәрбие берудің орнына өзара жанжалдасып, бір-біріне дене жарақатын келтірген. Екі офицердің қылмыстық әрекеті әскери сотқа жолданып, сот үкімімен екеуі де кінәлі деп танылды. Одан бөлек, Үшарал гарнизонында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты №40398 әскери бөлімнің келісімшарт қызметкері, қатардағы А. кәмелет жасқа толмаған жәбірленуші Д.-нің денесіне пышақпен 24 жарақат салып, адам өлтіруге оқталған. Осы дерек бойынша 2018 жылғы 27 желтоқсанда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының үкімімен А.-ға 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Әдетте әскердегі қылмыстың ашылуына әскери қылмыстық қудалау органдарының әскери бөлімдерде қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды уақытылы, жиі жүргізуінің нәтижесі себеп болады. Сондай-ақ, әскери бөлімдердің адам көп шоғырланатын орындарына бейнекамера орнату орын алған құқықбұзушылықты кешіктірмей ашуға, кінәлі тұлғаларды анықтауға, олардың кінәсін толық дәлелдеуге көп көмегін тигізеді. Сонымен қатар, кез келген азаматтың қылмыстық құқықбұзушылық туралы хабарлауы әскери бөлімдерде орын алған және әскери қызметкерлер жасаған қылмыстық құқықбұзушылықты анықтап, қылмысты ашуға септігін тигізеді. Әскери-тергеу органдарының негізгі міндетінің бірі азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмеу, мемлекет мүлкін жымқыруға жол бермеу болғандықтан ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Талдықорған бөлімі әскери бөлімдерде қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған жиындар, «дөңгелек үстел» отырыстарын ұйымдастыруда.

Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы және бұлжымас міндеті болғандықтан әрбір әскери қызметкер халықтың сеніміне ие болып, өз міндетін адал атқаруы тиіс деп білеміз.

Санат КАТИФОВ,

ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Талдықорған бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі

Сурет ғаламтордан алынды