"ҰМЫТЫЛМАҚ ЕМЕС": АЛМАТЫ САЯБАҒЫНДА ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ШАРА ӨТТІ

Уақыты: 17.02.2020
Оқылды: 942
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінде патриоттық шара өтті.

Оған Ауған соғысының ардагерлері, жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері Әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары, «Жас ұлан», «Арыстан» мамандандырылған әскери-мектептерінің тәрбиеленушілері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысының қатысушылары қатысты.

Жалпы саны 2500-нан астам адам қатысқан мерекелік іс-шараның шымылдығын «Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» филиалының көркем өнерпаздар ұжымы түрді. Олар Ауған соғысының ардагерлерін мерекелік концертпен құттықтап, «Ауғанстан» атты бейнематериал ұсынды.

Алматы қаласы әкімдігінің өкілі, Алматы гарнизоны бастығының орынбасары, Ауған соғысының ардагерлері мен соғыстан оралмаған ардагердің анасы көпшілік алдында сөз алып, жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады.

Алматы гарнизоны бастығының орынбасары полковник Раджан Жанысов:

- Тарихи күннің кейіпкеріне айналған, әскери антына адал болған ардагерлердің ерліктері келер ұрпақ үшін тәрбие мектебі. Ешқандай соғыс шығынсыз болмайды. Жат елде қаза тапқан қандастарымыз әрдайым жадымызда. Олардың ерліктері ұмытылмақ емес. Аман оралған бауырларымызға тек бейбіт күннің қызығын көруді тілейміз, - деген тілегін жеткізді.

Мерекелік іс-шара барысында десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті.

Салтанатты рәсімнің соңында жиналған халық Мәңгілік алауға және Ауған ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ауған соғысы ардагерлерінің қатарынан құрылған «Панджшер» тобының әншілері мерекелік концерттерімен шараны қорытындылады.

Г. ПОЛАТБЕК,

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз хатшысы

Алматы