ПАТРИОТИЗМ: ОҚУШЫЛАР ӘСКЕРИ ИНСТИТУТ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 19.02.2020
Оқылды: 905
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының тыныс-тіршілігімен танысты.

Әскери қызметшілер мектеп оқушыларын әскери оқу орнының құрылу тарихымен таныстырды. Олар радиотехникалық стендттермен, компьтерлік және лингофонды техникалармен, симуляторлармен, сондай-ақ, жаттығу кешендерімен жабдықталған оқу аудиториялары және зертханаларымен, музей, спорт базасын, асхана мен курсанттардың жатын орындарын аралады. Аталған әскери оқу орнына түсу және онда оқудың ерекшелігінен хабардар болды.

- Республикамыздағы ғана емес, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы үздіктер қатарында саналатын әскери институттың өмірімен сіздерді таныстыру – әскери-патриоттық тәрбие беру болып саналады. Біздің міндетіміз - Отанға берген антына адал, шынайы патриоттарды тәрбиелеу, әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік рухы мен күшін көрсету біздің міндет деп білеміз, - деді әскери институттың бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков өз кезегінде.

Оқушылар бірауыздан әскери оқу орнының ұнағанын, болашақта курсант болып, өмірлерін әскермен байланыстырғысы келетіндерін жеткізді. Көкейде жүрген сұрақтарын қойып, медициналық куәландырудан өту, кәсіби жарамдылық, дене даярлығы бойынша қосымша жауап алды.

Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты зенитті зымыран, радитехникалық әскерлер, авиацияны редиотехникамен қамтамасыз ету байланыс бөлімі үшін білікті офицерлерді, сондай-ақ әскерлер мен қару-жарақты басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің инженерлерін дайындайды. Офицерлер-радиоинженерлерді даярлау 5 мамандық бойынша жүргізіледі.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты осы уақытқа дейін қазақстандық армия сапына 1730-дан астам лейтенантты тәрбиелеп шығарды. 185 түлек оқуды үздіккке бітірсе, оның 27-сі «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» төс белгісімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғары Бас қолбасшысы өз қолымен 18 түлекке диплом табыс еткен.

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі