МИТИНГКЕ РҰҚСАТ АЛУ: ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

Уақыты: 22.02.2020
Оқылды: 1294
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің алғашқы Жолдауында митинг туралы заңнаманы жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударған еді. Осыған байланысты қазіргі таңда Қазақстан Республикасында бейбіт жиналысты ұйымдастыру мен өткізу тәртібі бойынша жасалған Заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Ұсынылған жобаға қатысты пікір әралуан болғанымен мұндағы мақсат біреу – ел тұтастығына сызат түсірмей, бірлігі бекем мемлекет шаңырағын шайқалтып алмай, демократияның даңғыл жолын жалғастыру.

Тәуелсіз Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі екені алдымен Ата Заңымызда тайға таңба басқандай айшықталып жазылған. Бұдан ары қарай адамның құқығы, бостандығы басты орында тұр. Сол Негізгі Заңымызда азаматтардың өз ойын еркін айтуына да толық құқығы бар екені көрсетілген. Демек, өз ойын еркін жеткізетін бірден-бір мүмкіндік – бейбіт шерулерге де тосқауыл қойылмауы тиіс. Тек Президентіміз айтқандай, бейбіт акция­лар заң шеңберінен шықпауы қажет және азаматтардың тыныштығын бұзбағаны жөн. «Жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады», – деді Қ.Тоқаев.

Жолдауда көрсетілген митингтер туралы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстың алғашқы нәтижесі Мемлекет басшысы құрған Ұлттық сенім кеңесінің отырысында таныстырылды. Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі жинақталған жаңа Заң жобасы халықаралық талаптарға сай, дамыған мемлекеттердің митинг туралы заңнамаларын ескере отырып жасалған.

Мұнда ескеретін мәселе – бейбіт шеруге қатысты қолданыста бар, 1995 жылы қабылданған Заң моральдық тұрғыда ескіргендігін, қазіргі жаңа талаптарға жауап бере алмайтындығын уақыттың өзі дәлелдеп отырғандығы. Мұнда митинг өтетін орынды белгілеу және рұқсат беруге қатысты құзырет жергілікті мәслихаттарға жүктелген еді. Бұл ретте Алматыда өткен ауқымды жиынның бірінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қолданыста бар нормативтік құжатты жетілдіруден гөрі жаңа Заң жобасын әзірлеу әлдеқайда тиімді екенін көпшіліктің назарына ұсынды.

Заң жобасын талқылауға байланысты өткен басқосуда қоғам белсенділері әртүрлі ұсыныс-пікір білдірді. Мұқият тыңдаған министр қоғамдық талқылаудағы барлық ұсыныс ескерусіз қалмайтынын, мұнда айтылған пікірлер Заң жобасын жетілдіруге үлкен ықпал ететінін жеткізді. Талқылауда тыңдаушылар тарапынан әлеуметтік желінің ықпалы, онлайн митинг өткізу, бейбіт жиынды бейнекамераға түсіру, рұқсат етілген жерді анықтап көрсету мәселелері бойынша тың идеялар айтылды.

Жаңа Заң жобасы елімізде бейбіт жиын өткізетін азаматтардың құқығын қорғайды. Сондай-ақ, мұнда бейбіт жиналысты өткізу туралы алдын ала хабарлама айтылатын болады. Яғни, Заң жобасында бейбіт жиналыстарды тек хабарлау тәртібімен пикет түрінде өткізу мүмкіндігі қарастырылған. Хабарлама берудің де өз тәртібі бар. Мәселен, уәкілетті органнан қандай да бір жауап немесе келісім алмай-ақ бейбіт жиын өткізуге болады. Ол үшін шеруге қатысатындардың саны 250-ден аспауы тиіс. Бейбіт жиналыстар, демонстрациялар, шеру және митингілер өткізуге рұқсат беру 250-ден астам адам қатысқан жағдайда ғана қажет болады. Заң жобасы хабарламаларды немесе өтініштерді қарауға нақты талаптар қояды. Яғни, нақты уақыт белгіленеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Заң жобасы бейбіт жиынға қатысушы тараптар арасындағы жанжалды болдырмауға ықпал етеді. Сонымен қатар, билікпен арадағы қарым-қатынасқа айқындық пен ашықтық енгізеді.

Хабарламаны қарау мерзімі аяқталғанда немесе бейбіт жиналыс өткізуге келісім алынған соң бейбіт жиынды ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, мессенджерді ақпарат көзі ретінде пайдалануына болады. Заң жобасы бейбіт жиналыстардың негізгі тәртібін бекітеді. Жаңа Заң жобасы, ең алдымен, зорлық-зомбылыққа, күштеуге тыйым салады. Сондай-ақ, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, өзгелердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және қатысу еркіндігін қамтамасыз етеді. Одан бөлек, заң жобасында бейбіт жиынды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың және ақпарат тарататын журналистердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілген. Атап айтқанда, журналистерге бейбіт шеру туралы ақпарат таратқан кезде арнайы форма киіп жүруі міндеттелген.

Жаңа Заң жобасы елдің бейбітшілігі мен бірлігіне, арандату әрекеттерінің алдын алуға, қоғам тыныштығын сақтай отырып, еркін сөз айтуына кепілдік береді. Зайырлы мемлекетте заң үстемдік ететінін әрбір қазақстандық түсінуі тиіс.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Сурет ғаламтордан алынды