ІЛЕ АУДАНЫНДА ҮЙДЕ ЕСІРТКІ ӨСІРЕТІН ЕР АДАМ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 25.02.2020
Оқылды: 1216
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері үйде есірткі өсіретін ер адамның құпия зертханасын анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпарат бойынша Іле ауданының А. есімді тұрғыны есірткі заттарын шығарып, таратумен айналысатынын анықтады. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде сараптама актілерінде белгіленген "марихуана" есірткі заты бар 8 сіріңке қорабы тәркіленді. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық Кодекстің 297-бабы, 1-бөлігі бойынша тіркелді.

Санкцияланған тінту барысында Іле ауданының 47 жастағы ер адамының тұрғын үйінің екінші қабатынан "марихуана" есірткі заттарын өсіріп, дайындап, тарататын зертхана табылды.

- Оның үйінің екінші қабаты микроклимат құру мақсатында күн батареяларының көмегімен қосымша жылытылған. Тінту жүргізу кезінде салмағы 26 келіге жуық 47 бұта, 295 орама және салмағы 8,5 келі дайын екі қап "марихуана" табылды және тәркіленді. Есірткі өсімдіктерін өсіру, аса ірі мөлшерде дайындау және сақтау дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 300-бабының 1-бөлігі, 296-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - дейді Алматы облысы полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Қазбек Мұхамедов.

Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"