Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЖАЗА ҚАТАЙДЫ": ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН РЕТТЕЙТІН ЗАҢҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 03.03.2020
Оқылды: 480
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Дүниеде болған зобалаңдардың адам өмірін көп жалмағаны соғыс, жұқпалы дерт және ашаршылық деп есептеледі. Бұлардың қай-қайсысы болса да миллиондаған жанның ғұмырын қиғандығымен ерекшеленді. Дегенмен, бүгінгідей бейбіт күнде адамдардың көбіне жол апатынан қаза табатыны дүйім жұртқа белгілі болып отыр. Онда да кісі өліміне апаратын жол-көлік оқиғаларының басты себебіне ішімдік ішіп көлік тізгіндеу жатады.

2002 жылдан 2012 жылға дейін елімізде жол апатынан 32 мың адам көз жұмған. Соған орай күрежолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы бөлініп, көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Одан бөлек, жол-патрульдік полициясының қызметкерлері соңғы үлгідегі технологиямен қамтамасыз етіліп, автокөлік жолдарының бойына «Сергек» атты арнайы камералар орнатылуда. Соған қарамастан көлік қақтығысы толастамай тұр.

Облыстық полиция департаментіне қарасты әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ажар Рысбаеваның айтуынша, биылғы жылдың басында көлікке мас күйінде отырып ұсталған 54 адамның 14-нің жол-көлік оқиғасына қатысы бар. Бұлардың бәрі көлік тізгінін алғаш рет ішімдік ішіп тізгіндеген. Ал көлікті мас күйінде жүргізуін тоқтатпаған 5 адам биыл жыл басында тәртіп сақшыларының қолына түсті. Тағы 5 адам көлікті жүргізуші куәлігінсіз жүргізсе, бір адам мастығын анықтау туралы заң талабын орындамаған.

Биыл еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша бірқатар заңның талабы күшейтілді. Мысалы, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы 1 бөлімінде көлікті мас күйінде алғаш рет жүргізген адам 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамалатыны айтылса, 608-баптың 3 бөлімінде мас күйінде жол апатын жасап, жолаушылардың денсаулығына зиян келтірген жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 20 тәулікке қамалатыны ашық жазылған. Ал көлікті мас күйінде жүргізуін бір жыл ішінде қайталаған адам 20 тәулікке қамалып, 8 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл 608-баптың 3-1 жаңа бөлімінде көрсетілген.

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қылмыстық кодекстің 345-1 бабының 1 бөлімінде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адамның денсаулығына зиян келтірген жағдайда көлікті мас күйде айдаған жүргізуші 10 жылға куәлігінен айырылып, 10 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарды атқарады не 1 жылға бас бостандығынан айырылады.

Бұл жаза көлік қақтығысынан зардап шеккен адамның жағдайына қарай ұлғая түседі. Адам шығыны орын алғанда, яғни, кісі өлімі болса 7 жылға сотталады әрі жүргізуші куәлігінен 10 жылға айырылады. Екі немесе одан да көп адам қаза тапса, жаза 10 жылға ұлғайып, айыпты көлік жүргізу құқығынан түбегейлі айырылады.

Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1 бөлімінде бұрын көлік жүргізу құқынан айырылған адам қайтадан қолға түскен жағдайда немесе қайтадан мас күйде көлік жүргізгені анықталса лауазымды тұлға қызметінен өмір бойына айырылып, мемлекетке 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Осы баптың 2 бөлімі абайсызда транспортты, жүктерді, жол құрылысын, ғимараттарды, басқа да жылжымайтын мүліктерді бүлдірген немесе адам денсаулығына жеңіл жарақат түсірген жағдайда жүргізуші 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл баптың 3, 4, 5, 6 бөлімдерінде жаза ұлғая түсетіні жазылған.

Облыстық полиция департаментіне қарасты Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ажар Рысбаеваның пікіріне қарағанда, заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың арасында аздаған жеңілдік бар. Мысалы, жүргізуші куәлігін ұмытып кеткен жағдайда тәртіп сақшылары ескертумен шектеледі. Яғни, автокөлік иесі құжаттарын байқаусызда ұмытса, ескертумен ғана құтылады.

Бірақ бұл ешқандай құжатсыз жүре беруге болады дегенді білдірмейді. Керісінше, тоқтатылған көліктің мәліметтері сол сәтте ортақ жүйеге енгізіліп, ескертудің уақыты тіркеледі. Ондай жағдай қайталанса, айыппұл қарастырылған.

Міне, еліміздегі жол тәртібін сақтаудың шаралары осылайша жүзеге асырылып жатыр. Өйткені, күрежолдың бойында кісі өлімінің көбейгені ақиқат. Расында жол-көлік апаты жылдамдықты ұлғайтқаннан және көлікті мас күйде жүргізгеннен болатыны анық. Халқымызда: «Сақтансаң – сақтаймын!» - деген тәмсіл бар. Ендеше, жол ережесін сақтап жүрейік, ағайын!

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды