КОРОНАВИРУС: ТАЛДЫҚОРҒАНДА 500 МЫҢ ДАНА БЕТПЕРДЕ ТӘРКІЛЕНДІ

Уақыты: 22.03.2020
Оқылды: 832
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында 500 мыңға жуық медициналық бетперде тәркіленді. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдықорған қаласындағы жеке үйлердің бірінің ауласынан 250 қорапқа салынған медициналық бетперде табылды. Жалпы санау барысында әр қорапта 1800-2000 дана бетперде бар екені белгілі болды. Осындай қиын-қыстау кезеңде көл-көсір пайдаға кенелмек болған бетперде иесі тауарды тиеп, одан әрі жөнелтуді жоспарлаған.

- «Беркут-162» патрульдік экипажы аулаларды жүріп өту барысында қолдан жасалған қойманы байқаған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Еш жерде жұмыс істемейтін 1960 жылы туған азамат ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Талдықорған қалалық полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Қазіргі уақытта алдын ала тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің медициналық бетперделердің қайдан шыққаны, кімге тиесілі екені және қайда тасымалдау жоспарланғаны анықталатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"