ДЕСАНТШЫЛАР КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСТЕ АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ ЖҮР

Уақыты: 27.03.2020
Оқылды: 988
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы елімізде төтенше жағдайды енгізу туралы ҚР Қорғаныс министрлігіне Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында коронавирустың таралуына қарсы әрекет ету бойынша барлық шараларды қабылдау бойынша тапсырма берген болатын.

Тапсырманы орындау үшін ҚР Қарулы Күштері ҚӘ Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қаныш Әбубәкіров жетекшілік етуімен жедел штаб құрылып, Алматы қаласына кіріп шығуды тоқтату мақсатында 21 блок-бекет жасақталды.

Қазіргі таңда Алматы қаласы полиция департаментімен және санитарлық-эпидемиологиялық қызметімен бірлесе отырып, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етуге тартылды. Сондай-ақ, қаланы дезинфекциялау мен санитарлық өңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша бөлімшелер құрылды.

COVID-19 вирусының таралуына қарсы әрекет етуде өздерінің өмірлеріне төнетін қауіпке қарамастан, десанттық-шабуылдау әскерлері радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальонының әскери қызметшілері, ҚР ҚМ Құрлық әскерлері Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының жеке құрамы қойылған тапсырманы орындауда жоғары жауапкершілік пен белсенділік танытуда.

Алматы қаласы маңына қойылған блок-бекеттерде Ливан елінде БҰҰ бітімгерлік міндеттерін орындаған бітімгерлер де қызмет атқаруда. Бітімгерлік міндеттерін орындау барысында өзге де күштік құрылымдармен және қарапайым тұрғындармен бірлесе отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мол тәжірибе жинақтаған әскери қызметшілер орын алып отырған төтенше жағдайда шапшаңдық танытып, қысқа мерзімде Алматы қаласының басқа да құрылымдарымен бірлескен түрде қала маңында блок-бекеттерді орналастырды.

- Қазіргі таңда Алматы қаласының аумағы бойынша 170 гектардан астам аймақ дезинфекциялаудан өткізіліп, 60-қа жуық нысанға санитарлық өңдеу жасалды. Олар тұрғын үй кешендері, балабақшалар, базарлар мен ауруханалар, мектептер мен Алматы қаласының ірі даңғылдары. Коронавирусқа қарсы ұйымдастырылған іс-шараларға Алматы қаласы бойынша 2000-нан астам әскери қызметші жұмылдырылды. Біз – Қазақстан армиясы кез келген сынақта халқымыздың қорғаны болуға дайынбыз. Біздің міндетіміз елімізді сыртқы күштерден ғана емес, осындай тосыннан келген індеттерден де қорғау болып табылады. Біз әрдайым елімізбен біргеміз және оны қорғау жолында қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қаныш Әбубәкіров.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі

Алматы қаласы