ПРОКУРОР: "ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІН БҰЗҒАН 28 АДАМ ҚАМАЛДЫ"

Уақыты: 29.03.2020
Оқылды: 812
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бірқатар шектеу шарасының белгіленгеніне қарамастан жекелеген азаматтар төтенше жағдай режимін бұзуды жалғастыруда. Алматы облысында осындай заң бұзушылықтары үшін 28 адам қамалды, 7 адамға әкімшілік айыппұл салынды, 1 адамға ескерту берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында материал жарияланды.

22 наурыздың түнінен бастап Алматы қаласына кіру мен шығуға толықтай тосқауыл қойылғаны белгілі. Соған қарамастан жекелеген азаматтар өзге елді мекендерге инфекция тарату қаупін ұлғайтатынына қарамастан, блокпосттар арқылы кіріп-шығудың түрлі жолдарын қарастыруды тоқтатар емес.

Мұндай шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқанын еске саламыз. Осыған байланысты азаматтардың қабылданған шараларға түсіністікпен қарауларын, Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтап, инфекцияның алдын алу және анықтау шараларына көмек көрсетулерін сұраймыз.

Полицияның осындай талаптарына бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз (ӘҚКо 667-бабы – 40 АЕК-ге дейін айыппұл салу, немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу).

Төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларын орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады (ӘҚКо 476-бабы – 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке қамау). Сол сияқты санитарлық-эпидемологиялық қадағалау органдарының ұйғарымын орындамағандарға (ӘҚКо 462-бабы 3-бөлігі – 500 АЕК-ге дейін айыппұл салу), санитарлық ережелер мен гигиеналық талаптарды бұзудың адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған әрекеттерін жасағандарға (ӘҚКо 425-бабы – 5 млн. теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісіне қызметін тоқтату түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Егер мұндай әрекет байқаусызда адамдардың жаппай ауру жұқтыруына немесе адам өліміне әкеп соқтырса, онда қылмыстық жауаптылық қолданылады (ҚК 304 бабы – 2 мың АЕК көлеміндегі айыппұлдан 10 жыл бас бостандығынан айыруға дейін).

Шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратпауға және арандатуға жол бермеуге шақырамыз.

Ағымдағы жағдай туралы расталған ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.

Азамат ЖЫЛҚЫБАЕВ,

Алматы облысының прокуроры