КОРОНАВИРУС: МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕТПЕРДЕСІЗ ЖҮРГЕНДЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Уақыты: 03.04.2020
Оқылды: 1171
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласының тұрғындары бетпердемен жүру режимін қатаң сақтауда. Алайда арасында бұл режимге бағынбай жүргендер баршылық. Талдықорған қаласының көшелері мен қоғамдық орындарын аралаған тәртіп сақшылары медициналық бетперде тақпаған азаматтарға ескерту жасады. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

- 1 сәуірден бастап Алматы облысының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілгені белгілі. Талдықорған қаласы бойынша 4 санитарлық бекетті қоса алғанда, қосымша 8 мобильді бекет өз жұмысын бастады. Осыған байланысты, патрульдік топтар қоғамдық орындарда қызмет атқаруда. Олар көшеде немесе адамдар көп шоғырланған орындарда жүрген егде жастағы және кәмелетке толмаған азаматтарды бақылайды. Полицейлер тұрғындарда қорғану құралдарының болуын қадағалайды. Атап айтқанда, олардың міндетті түрде медициналық бетпердемен жүруі бақыланады, - деді Талдықорған қаласының полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа.

Аталған деректер алғаш анықталған кезде тәртіп сақшылары тек ескертумен ғана шектеледі, ал ол қайталанған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл немесе 15 тәулік қамаққа алу көзделеді.

- Алматы облысының бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №4 қаулысында көрсетілген барлық тыйымдармен қатар, қоғамдық орындарда және автокөліктерде бетпердесіз болу заңбұзушылық болып табылатындығын атап өткен жөн. Осыған байланысты барлық қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін бұзбауға, төтенше жағдай тәртібінде тәулік бойы жұмыс істейтін полиция мен басқа да орган қызметкерлерінің өтініштерін қатаң тыңдауға шақырамыз, - деп толықтырды полковник А.Нұрсапа.

Қала бойынша қатты дауыстайтын құрылғылар арқылы патрульдік полиция автокөліктерінен бетпердемен жүру режимін және барлық белгіленген нормаларды сақтау туралы үндеулерді ести аласыздар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"