Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ТӘРТІБІН БҰЗҒАН 89 ДЕРЕК ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 254
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Алматы облысы аумағында 89 құқықбұзушылық дерегі орын алған. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оның ішінде, ең көп тіркелгені – 42 рет карантин аумағына кіруге немесе тыйым салынған аумақтан шығуға әрекет еткендер. Аталған деректер бойынша ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабына сәйкес хаттама толтырылған.

Карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзуді бұзғаны үшін 27 хаттама жазылған. Ал жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар, сондай-ақ, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзу дерегі бойынша 10 әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетудің 6 дерегін анықтаған. Тыйым салынса да, алкогольдік iшiмдiктерді және құрамында спирті бар заттарды саудалаудың 4 дерегі әшкере болды.

Жалпы алғанда, 16 наурыздан 8 сәуірге дейінгі кезеңде Алматы облысының аумағында төтенше жағдай тәртібін бұзудың 89 дерегіне жол берген 36 тұлға қамаққа алынып, 42 азамат айыппұл арқалаған. Сондай-ақ, 5 тұрғын ескерту алумен шектелген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды