АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ПӘТЕР ҰРЛЫҒЫ 39 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕДІ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 971
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл Алматы облысындағы пәтер ұрлығының жалпы саны 39,7 пайызға төмендеген. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті хабарлады.

Оның ішінде, 91 пайызы жеке тұрғын үйлерде орын алған ұрлықтар болса, көпқабатты үйлердегі ұрлық саны 8,7 пайызды құрайды.

Өзгенің мүлкін қолды қылуға жасалған талдау барысында пәтер ұрлықтары терезелерді сығымдау, кілттерді таңдау, есіктерді бұзу, сондай-ақ, желдеткіштер арқылы ішке ену және кейбір жағдайда емін-еркін кіру арқылы орын алатыны анықталды. Сонымен қатар, полиция ақпараты бойынша пәтер ұрлықтарын ашу көрсеткіші 10 пайызға жақсарған. Олардың ішінде бұған дейін жасалған қылмыстар да бар.

Жыл басынан 28 қылмыстық топ құрықталып, өзгенің мүлкін қолды қылудың 81 дерегіне қатысы бары дәлелденді. Сондай-ақ, қолға түскен пәтер ұрлығына машықтанған 19 қылмыстық топтың 52 ұрлық жасағаны әшкере болды. 9 барымташылар тобы анықталып, олар жасаған 29 мал ұрлығының 13 дерегі ауыр қылмыстар санатына жатқызылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды