"ТҮЗЕТІЛМЕГЕН": ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНДА 61 ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Уақыты: 16.04.2020
Оқылды: 987
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік апаттарының алдын алу, сондай-ақ, көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаменті жол-техникалық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері автожолдардың жай-күйін қадағалап келеді.

- Облыс орталығының жолдарына мониторинг пен талдау жүргізілді. Нақты айтқанда, бұған дейін қаланың коммуналдық кәсіпорнына Сланов көшесінің бойына жаңбыр суын қабылдайтын жүйе орнату туралы нұсқама берілген болатын. Дегенмен, қайта тексеру кезінде кемшіліктердің кәсіпорын тарапынан түзетілмегені анықталды. Осыған орай, аталған кәсіпорынның лауазымды тұлғаларына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 462-бабының 3-тармағына сәйкес, әкімшілік материал толтырылып, соттың қарауына жолданды, - деді Алматы облысының полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Молдаханов.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында облыстағы автожолдарға 522 мәрте тексеру ұйымдастырылып, анықталған кемшіліктер бойынша қаланың жол және коммуналдық қызметтеріне 525 нұсқама табыс етілген. Осы бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 631-бабына сәйкес, 61 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы алғанда бір жарым миллион теңгенің айыппұлы салынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды