"АНТИКОР АЙТЫС" - ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖАСАЛҒАН ТАМАША ЖОБА

Уақыты: 18.04.2020
Оқылды: 1329
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен шаралардың түрлі бағытта жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Дегенмен, әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар  аз емес. Бұл қатарда жаңадан қолға алынып отырған онлайн айтыс жобасының халыққа берері көп. Себебі, санаға сыналап сіңген сыбайлас жемқорлық дертімен қоғам болып күресу қажет. Осы орайда парақорлық, сыбайластық, жемқорлық сынды жағымсыз әдетпен күрес жүргізу әрбір азаматтың ісіне айналуы тиіс.

Алайда кейбір қызметші мен лауазымды тұлғаның, тіпті, жемқорлықты болдырмауы тиіс жауапты қызметкердің мансабын асыра пайдалануы, жемқорлыққа бой алдыруы толастамай тұр. Ел алдында сыбайлас жемқорлықты жою туралы әдемі сөйлеп, артынша парақорлықпен ұсталып жатқандар қаншама?! Бұл не? Мұқтаждық па, әлде, қажеттілік пе?

Әйгілі Бейбарыс сұлтан: «Мұқтаждық пен қажеттілік арқыраған арыстанды қыңсылаған төбетке айналдырады», – деген екен. «Мемлекет» пен «меншіктің» айырмасын ұмытып, жемқорлыққа белшеден бататын кейбір лауазымды қызметкердің мұқтаждық пен қажеттіліктің шегарасынан шығып жатқаны өкінішті. Мұндайды халқымыз: «Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?», – деп бірауыз сөзбен түйіндеген.

Расында әрбір азаматтың санасында «Мемлекет маған не берді емес, мен мемлекетке не беремін?» деген қағида сайрап жатуы тиіс. Ал сананы жемқорлық індеті жайлап, «өзіме ғана» деген қағидамен өмір сүретін жандардың дерті қиын. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрімен емделетін сырқат емес. Бұл дерттің алдын алып, таралу жолдарын тыйып, ұлғаюын болдырмау керек. Ол үшін аталған дертпен күресуге қоғам болып жұмыла атсалысып, біріккенде ғана ортақ іске зор үлес қосарымыз анық.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған ақпараттық үгіт-насихат штабы соңғы кезде парақорлықпен, жемқорлықпен күрес бағытында бірқатар абыройлы істерді атқаруға кірісіп, көпшіліктің назарын аудартты. Атап айтсақ, ел азаматтары қолдау көрсетіп отырған онлайн айтыстың қоғам өміріне қосар үлесі маңызды деп білемін. Бір қарағанда қарапайым айтыс секілді көрінуі мүмкін. Шын мәнісінде, үлкен идеологиялық астары бар айтыс, ең алдымен қоғамдық сананың тазаруына жол ашады.

Бабалар дәстүрімен жалғасып келе жатқан айтыс – тәрбие мен тәлім беру құралы. Суырып салып  жыр құрау арқылы халықтың мұң-мұқтажы, қажеттілігі мен түйткілді мәселелері жырланады. От ауызды, орақ тілді ақындардың, қара қылды қақ жарған сөз мергендерінің қақтығысында айтылған кесек ойлар мен әдемі ұйқастардың астарында халықтың қалауы мен үлкен арманы сипатталады.

Ертеректе айтыс арқылы үлкен дау-жанжалдар шешіліп, түйіліп келген топ ашығын айтқан әділ сөзге тоқтаған. Біз де онлайн айтыс арқылы сананы жаңғыртып қана қоймай, түйткілді мәселелердің шешілу жолдарын айқындайтын боламыз. Карантин уақытында онлайн айтыс арқылы халықтың мұқтаждығы мен титығы жеткен мәселелері айтылып, жемқорлық дертіне қарсы рухани күрес жүргізілері сөзсіз. Сондықтан, оны дер шағында іске қосылған тамаша жоба деп бағалауға болады.

ҚР Президенті жүргізіп отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының бір бөлшегі саналатын онлайн айтыс халық мәселесінің оң шешілуіне себеп болары сөзсіз. Ал төрелікті қашанда уақыт пен халық береді. Сол себепті, онлайн айтыстың маңызды әрі тиімді жоба екендігін жеткізгім келеді. Өйткені, айтыс арқылы сана мен дәстүрдің жаңғыруын қолдаймыз. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қасқайып, ақиқатты ашық айтатын айтыс ақындары өзекті мәселелер мен ушыққан жағдайлардың дер кезінде ашылуына, уақытында шешім табуына ықпал етсе неге қолдамасқа?!

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының бұл жобасы әрбір қызметкерге серпін беріп, атқарар ісіне қызықтырары ақиқат. Осы жобаның іске асырылуына үлес қосып, еңбек еткен барша азаматтар мен ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. 

Серік МҰҚАНОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық
үгіт-насихат штабының төрағасы,

облыстық мәслихат депутаты

Сурет ғаламтордан алынды