"ӨТЕ ШЫҚҚАН": САНИТАРЛЫҚ ПОСТҚА БАҒЫНБАҒАН ЕКІ АЗАМАТ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 23.04.2020
Оқылды: 869
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алакөл ауданының полицейлері төтенше жағдай кезінде бірден 6 құқық бұзушылық жасаған екі ер азаматты ұстады. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сағат 22.00 шамасында «Иж-2715» автокөлігінің 48 жастағы иесі мен оның ішімдік ішкеннен кейін көлігін басқаруға сеніп тапсырған 59 жастағы жолдасы көрші ауылдан Көлбайға жолға шыққан. Елдімекенге келе жатып, олар полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талаптарын орындамай, «Алматы-Өскемен» автожолының 480-нші шақырымында орналасқан санитарлық бекетті елемей, өте шыққан.

Қабылданған шаралар нәтижесінде тәртіп бұзушылар мінген көлік тоқтатылды. Алайда рөлде отырған ер адам билік өкіліне бағынбай, ал оның жолаушысы полицейлерге былапыт сөздер айтқан. Осыған орай ҚР Қылмыстық кодексінің 379, 378-баптарына сәйкес, «Билік өкіліне бағынбау», «Билік өкілін қорлау» деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Медициналық куәландыру барысында екі азаматтың да масаң күйде екені анықталды. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.

Олардың әрқайсысына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша режим бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Көлік иесі ішімдік ішкен азаматқа көлігін басқаруды табыстағаны үшін, екіншісі көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Күдіктілердің автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды