Жаңа прокурорды таныстырды

Уақыты: 16.02.2017
Оқылды: 1715
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыс әкімдігінде актив жиналысы болып өтті. Аудан, қала әкімдері, құқық қорғау органдарының облыстық департаменттері және басқарма басшылары, аудандық, қалалық мәслихат хатшылары мен депутаттар, облыстық прокуратура қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық Баталов алқалы отырысқа ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаевтың қатысып отырғанын айтып өтті.

Бұдан соң сөз кезегін алған Ерлік Әбдірахымұлы:
– Ғабит Төреұлы Бас прокурордың бұйрығымен, Елбасының келісімімен Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалып отыр, – деп Алматы қаласына прокурор болып бара жатқан Ғабит Миразовтың ісіне табыс, жұмысына сәттілік тіледі. – Өздеріңіз жақсы білесіздер, Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде облыстық прокуратураның да үлесі бар. Ғабит Төреұлы үлкен жұмыс атқарды. Сол жұмыстың нәтижесін Бас прокурор мен Елбасы бағалап, елімізде күрделі телімнің бірінен саналатын Алматы қаласына жіберіп отыр. Онда жұмыс істеу оңай емес. Миразовтың тәжірибесі, іскерлігі, сауаттылығы осындай шешім қабылдауға жетеледі. Бір мезгілде Азамат Жылқыбаев Бас прокурордың бұйрығымен, Елбасының келісімімен Алматы облысының прокуроры болып тағайындалды.
1978 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген Жылқыбаев Азамат Сембайұлы 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген соң еңбек жолын Алматы қаласы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпараттандыру бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2004 жылы осы университеттің экономика факультетін тамамдады. Прокуратура саласында 16 жылдан астам қызмет атқарған ол 2000–2001 жылдар аралығында Алматы қаласы, Алмалы ауданы прокурорының көмекшісі, 2001 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін Алматы қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, 2001 жылдың қыркүйек айынан Алматы қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры, 2002–2003 жылдар аралығында Алматы қаласы Жетісу ауданы прокурорының орынбасары, 2003 жылдың сәуір айынан Алматы әуе көлік прокуроры, 2007 жылдың мамыр айынан Оңтүстік-шығыс аймақтық көлік прокурорының орынбасары, 2009 жылдың желтоқсан айынан Оңтүстік-шығыс аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары. 2010–2011 жылдары Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары міндетін уақытша атқарды, 2011–2012 жылдар аралығында Ақмола облысының прокуроры болды, 2012 жылдың сәуірінен шілде айына дейін ҚР Бас прокуратурасының қарамағында жұмыс істеді. 2012 жылдың шілде айынан Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, 2013 жылдың қазан айынан бастап Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Сыныптық шені: аға әділет кеңесшісі.
Бұдан соң мінберге көтерілген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт пен еңбек ардагері, облыстың Құрметті азаматы Әбдіманан Ілімжанов жаңадан тағайындалған прокурорлардың ісіне сәттілік, жұмысына ақ жол тілеп, бата берді. Одан соң кезекпен мінберге көтерілген Ғабит Миразов пен Азамат Жылқыбаев өздеріне қарата айтылған жақсы тілектерге ризашылықтарын білдіріп, көпшілікке рахметін айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:
– Сіздерге Жетісу жұртшылығының атынан рахмет айтамын. Ғабит Төреұлына, Азамат Сембайұлына жұмыстары жемісті болсын, әрқашанда биіктен көрініп, Алматы облысында еңбек еткендерін мақтан етуден танбасын деген тілек айтқым келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев артқан сенім жүгін  талмай көтеріп, мақсат үдесінен шыға берулеріңізге тілек білдіремін, – деп жүрекжарды тілегін арнады.

Мәди АЛЖАНБАЙ