"ҮШ АЙДА 11 ҚЫЛМЫС": ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?

Уақыты: 30.04.2020
Оқылды: 965
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс ТҰЯҚОВТЫҢ төрағалығымен Жетісудың жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған жиын өтті. Онда жер қатынастары саласында жүргізілген мониторинг нәтижелері талқыланды.

«Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, облыстық жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, сәулет және қалақұрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысқан селекторлық басқосуда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті  басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев өткен жылдары жауапқа тартылған лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетін паш етті.

– Бүгінгі күні жер қатынастары саласы тек біздің облыста ғана емес, жалпы Қазақстанда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі саналады, – деген Жандос Сағындықұлы облыс аумағында орын алған заңсыздық келтірген шығынды таныстырды. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жер қатынастары саласында былтыр 7 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеді. Оның алтауында сыбайлас жемқорлық деректері басым. Соған байланысты 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Оның ішінде екеуі бірінші басшылар. Атап айтсақ, «Ұйғыр аудандық орман шаруашылық бөлімі» КММ-нің бұрынғы директоры К.Юлдашов, Талғар аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты Д.Әбдіхамитов сыбайлас жемқорлық дерегімен істі болды. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында жер қатынастары саласында 11 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның тоғызының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені анықталды. Соңғы 2 жылда барлық аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 872,4 миллион теңгені құрап отыр.

Облыстың аудан, қалаларында орын алған заңбұзушылықтар жеке-жеке таныстырылуына орай заңгер, жер құқығы саласындағы сарапшы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Бахытжан Базарбек облыс аумағында жүргізілген мониторинг жұмысын сөз етті.

– 2019 жылы «Транспаренси Қазақстан» ұйымымен жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша жер учаскесін алу, ресімдеу сыбайлас жемқорлық себептерінің алғашқы бестігіне кіріп отыр. Соның ішінде жер мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы антирейтингте Алматы облысы алғашқы орынға ие болды, – деген Бахытжан Жұмабекұлы сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін негізгі факторларды тілге тиек етті. – Жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында жер қатынастары саласында, оның ішінде бос жер туралы ақпаратқа қолжетімділікті шектеумен, жер беру рәсімдерінің және жер комиссиялары жұмысының ашық еместігіне байланысты мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келеді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов анықталған мәселелер мен сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жою үшін аудандық, қалалық жер комиссияларының жұмысын түбегейлі қайта қарастырып, олардың құрамын толығымен жаңарту керектігін айтты. Сонымен қатар, жер учаскелерін заңсыз беру мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін комиссия құру, әкімдіктер мен жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган құрылымдық бөлімшелердің қызметіне бақылауды күшейтіп, бөлінетін жер учаскелерінің заңдылығы туралы жүйелі негізде тексерулер жүргізілу қажеттігін тапсырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы