БЛОК-БЕКЕТТЕ ТҰРҒАН ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Уақыты: 02.05.2020
Оқылды: 814
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында полиция қызметкерлеріне психолог-инспекторлар көмектеседі. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Арнайы тренингтер қызметкерлердің ерік-жігерін күшейту және қалпына келтіру, шыдамдылығын шыңдау, сабырлық сақтау, азаматтармен қарым-қатынас, әсіресе, қызмет кезінде туындайтын қиын шақтарда, арандатушылармен байланыс кезінде өзін орынды ұстау мақсатында ұйымдастырылады.

- Бекеттердің жұмысына жұмылдырылған қызметкерлерге моральдық-психологиялық көмек көрсету – уақыт талабы. Ол қызметкерлердің экстремалды жағдайдағы әрекеттерге қызметкерлердің психологиялық даярлығын шыңдауға, олардың моральдық және физикалық шаршауын жеңілдетуге, ішкі істер органдары қызметкерлерінің моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға негізделеді, - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің психолог-инспекторы Алина Атабаева.

Аталған бағыттағы қойылған міндеттерді іске асыру үшін тиісті мамандардан құралған арнайы шағын топтар құрылды. Топ мүшелері блок-бекеттерді аралады. Қызметкерлерге әдістемелік-практикалық көмек қызмет орындарында көрсетіледі.

- Біз тәртіп сақшылары жұмылдырылған барлық бекеттерді аралап шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші күні жүзден астам қызметкерге көмек көрсетілді. Жұмыс жоспарлы түрде кестеге сәйкес жасалады, - деді Алина Атабаева.

Физикалық жаттығулар психикалық-эмоцияналдық шаршауды басуға көмектеседі. Сонымен қатар, көшпелі тренингтер кезінде «Майнд машина» аудиовизуалды аппараты қолданылады. Ол миды аудиовизуалды ынталандыру арқылы қызметкердің эмоционалды жеңілдеуіне көмектеседі.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысында 118 бекет бар. Оның ішінде 77-сі санитарлық, 41-і жолды бөгеген блок-бекет. Бекеттердің жұмысына 1000-ға жуық қызметкер жұмылдырылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"