СӘТ ТОҚПАҚБАЕВ: "БІЗДІҢ ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІ АЛПАУЫТ ЕЛДЕРДЕН КЕМ ЕМЕС"

Уақыты: 07.05.2020
Оқылды: 1683
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақты қазақ етіп отырған намысы, рухы, салт-дәстүрі. Осындай асыл қасиеттеріміз ата-бабадан мирас етілмесе қыранның қанаты талар кең-байтақ Ұлы Далаға ие бола алар ма едік?! Міне, мен осы қасиеттерді жастардың бойынан күнде көремін десем болады. Оны мен ғана емес, күллі халық көреді.

«Отан даңқын асқақтатамын» деп жарыс алаңына шыққан спортшылар мен өртеніп жатқан ғимаратқа батыл кірген азаматтар, суға кетіп бара жатқандарды құтқарған жігіттер мен індетпен жан алысып, жан берісіп күресіп жүрген дәрігерлер, қарттар мен қорғансыздарға көмектесіп жүрген еріктілер, блокпостта тұрған ішкі істер қызметкерлері мен жауынгерлер бабаларымыздан мұра болып қалған асқақ РУХТЫ көтеріп жатыр.

Жыл сайын өтетін «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны мен басқа да әскери-патриоттық шаралар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, рухты шыңдауға жетелейді. «Мен қазақпын!» деген ата-ана өз ұрпағын бабалар мен батырлар рухында тәрбиелейді. Сондықтан да Қазақстан мәңгілік жасай бермек.

Отан алдындағы перзенттік борышты өтеудің басты сипаты – патриот болу. Патриоттық сезімнің нысаны Отан десек, оның негізі – туған жер, ұлттық тіл, діл, салт-дәстүр. Патриотизм – өз еңбегін, күш-жігерін туған жері мен ауыл-аймағын, өңірін көркейтуге жұмсау деген ұғымды білдіреді. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген екен Бауыржан Момышұлы.

Ел мен жерді, түптеп келгенде Отанды қорғау, ең алдымен, ер азаматтардың міндеті. Қазір қыз балалардан да құралған роталар бар. Дәл қазіргі пандемия жағдайында жастарымыз ауру жұқтырып алудан қорықпай, еріктілер отрядын құрып, Отан алдындағы борыштарын өтеп, мылтықсыз майданда жүр. Дәрігерлеріміз өмір мен өлімнің ортасында індетпен арпалысып жатыр. Міне, Отан алдындағы борышын әскерге бармай-ақ күнделікті өмірде адал өтеп жүрген замандастарымыз.

Әрине, ел тыныштығын сақтаудың алғы шебінде алдымен әскер жүреді. Қазақстан әскері құрылғалы да ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде әскеріміз ішкі істер қызметкерлерінің формасымен жүрді. Мамандар жоқ, жатын орын жетіспейтін, тамақтан тапшылық көретін, қару-жарақ табылмаған сол кездерді есімізге алайықшы.

Мен сол кездегі алғашқы Қорғаныс министрінің бірімін. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қарулы Күштердің жағдайы талқыланды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, сол кездегі Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев министрдің анау да жоқ, мынау да жоқ деген баяндамасын тыңдап болғаннан кейін өз кезегінде: «Мына жоқтардан құтылу үшін бұдан былай Қазақстан Республикасы ішкі жалпы өнімінің бір пайызын жыл сайын Қарулы Күштерге беріп отыратын болайық», – деген шешімін айтты. Бұл мәселе Парламенттің сессиясында талқыланып бекітілді. Содан бері Қарулы Күштерге тұрақты түрде ІЖӨ-нің бір пайызы бөлініп келеді.

Жақында: «АҚШ Орталық барлау басқармасының сайтының хабарлауынша «Қазақстан армиясын ұстауға жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 1,2 пайызы бөлінеді екен» деген ақпаратты оқып қалдым. Бұл қазіргі жағдаймен есептегенде бәленбай миллиард теңге қаржы. Соны теңіздің арғы жағындағылар біліп отыр. Осыншама жағдай жасалып отырған армияда бүгінде жетіспеушілік деген жоқ шығар деп ойлаймын.

Біздің жауынгерлердің рухы мен біліктілік жағдайы алпауыт елдердің әскерінен кем емес. Бұдан біраз уақыт бұрын Алматы облысындағы әскери полигонда Ресей Федерациясының, Қытай Республикасының және АҚШ-тың Қарулы Күштерінің қатысуымен үлкен әскери жаттығу өткіздік. Жаттығу нәтижесінде біздің әскердің дайындығы мен заманауи техниканы игеру шеберлігі ешбір елден кем болмады.

Жауынгерлеріміздің рухы мықты, намысшыл. Сондай болып келді және солай бола да бермек. 

Бүгінгі күні біздің әскерімізде Отан қорғауға қажетті жағдайдың бәрі бар. Ұлттық рухты асқақтату үшін жас ұрпақтың бойына туған Отанына, халқына деген құрмет сезімін қалыптастыру керек. Тарихымызды тереңнен зерттеп, оны ұрпақ санасына сіңіруге тиіспіз. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді, әдебиетімізді, сарқылмас рухани байлықтарымызды болашақ ұрпаққа таныту – айнымас міндетіміз.

Әлемде мемлекеттік мәртебесі бар тілдің бірі – біздің Ана тіліміз. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қызмет ету арқылы баба жолын жалғаймыз. Тілі мен ділі мықты халықтың ғана қорғанысы бекем, жауынгерлері антына берік, халқы нағыз патриот, елінің болашағы жарқын болады. Қай дәуірде болсын өз Отанын қорғау қасиетті борыш болып табылады.

Қазақстан әскерінің қатарында қызмет етіп жүрген барлық азаматтарды, ардагерлерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан қызметтеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,

генерал-полковник,

«Даңқ», «Барыс» ордендерінің иегері