ҚАПШАҒАЙДА ЭЛЕКТР ТОГЫМЕН БАЛЫҚ АУЛАҒАН АЗАМАТ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 17.05.2020
Оқылды: 757
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қапшағай қаласының тұрғыны 85 келіден астам сазан балықтарын тыйым салынған әдіспен аулаған. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Заңсыз балық аулаған күдіктіні табиғатты қорғау полицейлері ұстады.

Тәртіп сақшылары балық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы облысы аумағында арнайы шараларды тұрақты жүргізеді. Осындай шаралар барысында құқық бұзуға бейім тұлғалардың табиғат қорғау заңнамасының талаптарын өрескел бұзу деректері әшкереленеді және қолданыстағы заңға сәйкес қатаң жазаланады.

Іле өзенінің арнасын кезекті рет бақылау кезінде «Қапшағай-Қазақстан» автожолының 19-ншы шақырымында Қапшағай қаласының 1991 жылы туған тұрғыны ұсталды. Полицейлер оның автокөлігінен жалпы салмағы 85,5 келі болатын сазан балығын тауып, заңсыз ауланған тауарды тәркіледі. Сонымен қатар, күдіктінің көлігінен резеңке қайық пен еліміздің заңнамасында қолданылуы қатаң тыйым салынған, балық аулауға пайдаланылған электр тогының құралдары табылды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заң бұзған балықшы мемлекетке 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгені анықталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"