ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА СИЫРЛАРҒА ОҚ ЖАУДЫРҒАН ҰРЫЛАР ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 19.05.2020
Оқылды: 966
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полиция қызметкерлері заңсыз аңшы мылтығымен жайылымдағы сиырларды атқан барымташылар тобын қолға түсірді. Бұл жайлы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

- Ақжар ауылының маңында орналасқан жайылымнан екі сиырдың ұрланғаны туралы ақпаратты алған соң, біз олардың қайту жолын жорамалдап тұзақ ұйымдастырдық. Алайда барымташылар өте сақ қимылдады. Екі жеңіл автокөлік арқылы ұрланған олжаны тасымалдаған олар полицейлерді көріп, сезіктенген. Сақтық үшін күдіктілер бекетке жетпей, сиыр етін түсіріп, оны жасырған. Алайда жүксіз кетіп қалуға тырысқан күдіктілер ұсталды, - дейді Алматы облысы, Қаратал аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рауан Абдраимов.

Автокөліктерді тексеру барысында қан ізі бар екі ұңғылы аңшы мылтығы және басқа да дәлелдер табылды. 23, 25, 29 және 34 жастағы төрт күдікті де ұрлық жасағадарын толық мойындап, сойылған сиырларды жасырған орындарын көрсетті.

- Ұсталған азаматтардың 2018, 2019 және 2020 жылдары жасалған ірі қара ұрлығының тағы бес эпизодына қатыстылығы дәлелденді. Күдіктілер етті базарларға және өзінің таныстарына өткізген. Ал түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қылмыстық топтың барлық қатысушылары қамауға алынды. Ал мал етін тасымалдаған автокөліктері арнайы тұраққа қойылды, - деп толықтырды Р.Абдраимов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"