Сақшыларға арналған спорт кешені

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 3096
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларының жұмысы қашанда қарбаласқа толы. Қылмыскерлермен күресте бастарын бәйгеге тігіп, адамдардың алаңсыз өмір сүруіне кепіл болады. Сондай кездерде дәл көздейтін мергендік, алысқанын алып ұратын ептілік полицияға ауадай қажет.

Олар сол үшін де спортты өздеріне серік етеді. Тынымсыз жаттығулар ширақтық пен шымырлыққа үйретеді, қырағылық пен табандылыққа баулиды. Сол себептен де бүгінгі таңда облысымыздың әр өңірінде полиция қызметкерлеріне арналған спорттық кешендер бой көтеруде. 
Дәл осындай ғимарат Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы жанынан ашылды. Оған Сембай Оразбековтің есімі берілді. Бұлай атаудың өзіндік себебі бар. Сембай Оразбеков осы өңірдегі Казатком ауылының тумасы. Бүкіл саналы ғұмырын ішкі істер органдарына қызмет етуге арнаған. Алғашқы еңбек жолын сержант шенімен учаскелік полиция инспекторы болып бастаған ол өзінің біліктілігінің арқасында полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Ұзақ жылдар Талғар және Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармаларында басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Ауданнан шыққан осындай асыл азаматтың есімі кейінгі толқынға қашанда өнеге мен үлгі.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов, Ішкі істер министрлігі арнайы дайындық департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаев, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Бағдат Әшімов және осы саланың бір топ ардагерлері қатысты.
Жиналғандар ең алдымен басқарма алаңындағы Даңқ аллеясына гүл шоқтарын қойды. Қызмет бабында көз жұмған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Алғаш болып мінберге шыққан Мұрат Ұрұмханов айтулы шараның маңызына жан-жақты тоқталды.
– Ішкі істер министрінің тікелей тапсырмасына сәйкес полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен біліктілігін арттыру мақсатында спорттық кешендер көптеп ашылуда. Бүгінгі таңда Көксу, Ескелді, Ақсу, Алакөл, Сарқан, Кербұлақ, Панфилов аудандары мен Текелі қаласында дәл осындай нысандар пайдалануға берілді. Енді, міне, солардың қатарын өздеріңіз куә болып отырған спорт кешені толықтырмақ. Осындай мүмкіндікке қол жеткізуге септігін тигізген аудан әкімдігіне және кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз, – деген Мұрат Жәлелұлы департамент атынан кәдесый ретінде компьютерлер мен спорттық құрал-жабдықтарды тарту етті.
Бұдан кейін кезек марапаттау рәсіміне ауысты. Кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Аитов бірқатар полиция қызметкерлері шендерінің жоғарылағаны туралы бұйрықты оқып, оларға тиісті шендерді салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің Алғыс хатымен аудан әкімі Бинәлі Ысқақ және облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен кәсіпкерлер  Ерік Айдарбаев және Табавир Чикаевтар марапатталды.
Сембай Оразбековтың көзін көрген әріптестері, генерал-майорлар  Асқар Оспанов, Құралбек Серікбаев, Сағынжан Асыл-Кенейлер ол кісі туралы сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті. 
Ал Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаев өзінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрген Ержан Сембайұлының әке өнегесіне сай білікті кадр екенін мақтанышпен айтты. Өз кезегінде полиция полковнигі Ержан Оразбеков бүкіл әулеті атынан алғыс айтып, жиналғандарға зор ризашылығын білдірді.
Жаңа ғимараттың лентасы қиылған соң жиналған қауым ішке енді. Спорт кешені үш бөлімнен тұрады. Біріншісі  волейбол, баскетбол ойындарына арналған зал. Екіншісі  спорттық құрал-жабдықтар орналасқан жаттығу бөлмесі, ал үшіншісі  мергендікке үйренетін тир залы. Полиция қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салды. Өткен жылы спорттың қоян-қолтық ұрыс түрінен ауданның бірқатар тәртіп сақшылары облыстық турнирде топ жарған болатын. Олар  Дархан Садықов, Шыңғыс Шыныбеков және Ернат Әбілғазиндер. Аталған азаматтар бүгінгі салтанатты шарада өз шеберлігімен бөлісіп, жиналғандарды тәнті етті. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің балалары да өздерінің шымырлықтарын боз кілемде танытты. Зейнеткер атанса да бапкерлігінен қол үзбеген, каратэ және джиу-джитсудан спорт шебері Мақсұт Бекмұраттың тәліміне ел риза болды. Сақшылар тир залында тапанша атудан да мергендіктерін сынады.
Жаңадан ашылған спорт кешенінің полицейлердің кәсіби біліктілігін одан сайын шыңдай түсетіні анық.


Еңбекшіқазақ ауданы.