АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ ЖҮРГЕН ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ӘЙЕЛ ЖОЛ АПАТЫНА ТҮСТІ

Уақыты: 03.06.2020
Оқылды: 835
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

"Toyota Camry" автокөлігін тізгіндеген Өзбекстан Республикасының 33 жастағы азаматшасы "Алматы-Бішкек" тас жолының 43-нші шақырымында көлікті басқара алмай, аударылып кетті. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 1-2 тармақтары, яғни, «Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiру» бойынша тіркелді.

- Апат салдарынан 31 жастағы ер адам мен 23 жастағы әйел адам дене жарақаттарын алып, ауруханаға жатқызылды. Шетел азаматшасы 2017 жылдың 16 мамырында Қарасай ауданының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 517-бабының 7-бөлігіне сәйкес, көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін кінәлі деп танылған. Азаматшаға қатысты сот 2022 жылдың 16 мамырына дейін оның келуін шектей отырып, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза қолданған. Азаматшаның Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз болуына байланысты бұл дерек Қарасай ауданының полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 392 б.1 б. көзделген қылмыстық теріс қылық ретінде «ҚР Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" болып тіркелді. Сонымен қатар, оның айтуы бойынша өзінің басқаруындағы жол-көлік оқиғасын жасаған көлікті ҚР азаматы болып табылатын әпкесінен ұрлап, жүргізіп әкеткен, - деп хабарлайды Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Данияр Мендебаев.

Енді азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша жауапқа тартылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"