ОФИЦЕР АТАНДЫ: ҚЫРҒЫЗСТАНДЫҚ КУРСАНТТАР ДА БАР

Уақыты: 04.07.2020
Оқылды: 1148
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты алғашқы «лейтенант» офицерлік шенін ұсынып, 14-ші түлектерін ұшырды. Биыл 8 мамандық бойынша 141 курсант әскери оқу орнын тәмамдап, олардың 9-ы үздік диплом иеленді.

Түлектерді құттықтаған әскери институт бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков:

– Бүгін сіздер офицер погонын тағып, жоғарғы әскери оқу орнын бітіргені туралы дипломға ие болдыңыздар. Нағыз ер-азаматтарға тән мамандықты таңдаған соң намыс туын биікте ұстап, «Қазақстан әскерінің офицері» деген жоғары атқа лайық боласыздар деген сенімдемін, – деді.
Жас лейтенантар оқу барысында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ата-аналарының үміттерін ақтауға тырысып баққандарын жеткізді. 

– Әскери институт қабырғасында болған 5 жылда білім мен достықтың қадіріне жеттім. Біздің иығымызға погонмен қоса еліміз үшін жауапкершілік пен үлкен міндет жүктелді. Халқымыз бен оның Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшысының сенімін ақтаймыз, ақтық деміміз қалғанша адал қызмет етеміз, – деді оқу үздігі Ерназар Темірғалиев.
Әскери оқу орнында тек қазақстандықтар ғана емес Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының бағдарламасы бойынша Қырғызстан мемлекетінің өкілдері де білім алуда. Бүгінгі күнге дейін 9 қырғызстандық курсант оқып бітірсе, тағы 11 курсант институт қабырғасында білімдерін шыңдауда. 
ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Орта Азия аймағы бойынша радиотехникалық мамандар дайындайтын жалғыз әскери оқу орны.

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі