"ӨЗЕНГЕ СЕКІРГЕН": ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 09.07.2020
Оқылды: 2927
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Текелі қаласы әкімінің аппарат басшысы 1,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Қайсар Баржақсынов хабарлады.

Агенттік қызметкерлері облыстағы ҰҚК департаментімен бірлесіп, "бармақ басты, көз қысты" әрекетті әшкерелеген. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен қазір, Текелі қаласы әкімінің аппарат басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Департамент өкілдері ақпаратынша, ол «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің директорынан «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру аясында жүргізіліп жатқан Текелі қаласының аумағын абаттандыру туралы жасалған келісімшарт бойынша Қоғамның қызметіне жалпы қамқорлық көрсету үшін 1,5 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді.

Сонымен қатар, Қайсар Баржақсынов шенеунік оқиға орнынан қашып кетпек болғанын атап өтті.

"Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысының әрекетін әшкерелеу кезінде ол өз басын қауіп-қатерге тігіп, оқиға орнынан жасырынбақ болды. Өзенге секіріп, ағып кете жаздады. Алайда, оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ұстады", - деді тергеуші.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"