ҚЫЗҒА ЗОРЛЫҚ КӨРСЕТКЕН: ҚЫЛМЫСКЕРДІ ҰСТАУ ҮШІН 13-ҚАБАТТАН СЕКІРГЕН ПОЛИЦЕЙ

Уақыты: 22.07.2020
Оқылды: 1271
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

36 жастағы алматылық полиция қызметкері Бақытжан Бәкіров қылмыскерді ұстау кезінде 13-қабаттан секіріп кетті. Ол кәмелетке толмаған адамды тонау мен зорлау қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстады, хабарлайды «Azattyq Rýhy» ақпараттық агенттік.

Екібастұздан келген 1989 жылғы Ш. есімді азамат төрт жасар бала мен 15 жастағы қыз тұрған үйге кіріп, 17 мың АҚШ долларын ұрлап, қызға зорлық көрсеткен. Полиция аталған қылмысқа байланысты арнайы жоспар құрып, оның қайда жасырынғанын анықтады. Ол әл-Фараби даңғылындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің 13-ші қабатындағы пәтерде жатқан. Ш.есімді азаматты ұстау кезінде ол қашуға тырысып, ашық терезеден секіріп кеткен. Оның артынан полиция қызметкері де секірген. Екеуі де бір қабат төмен орналасқан террасаға түсіп, полиция майоры Бәкіров аяғы сынғанына қарамастан, күдіктіні оқшаулап, оның қашып кетуіне жол бермеді. Қаскөй тұтқындалды.

«Қылмыскер қаша жөнелген уақытта мен артынан қудым. Ол бөлмелердің біріне кіріп, ашық терезеден секірді. Басты мақсат – қуып жету болғандықтан, мен де оның артынан секірдім», – деп түсіндірді бұл әрекетін Бәкіров.

Бәкіров осы әрекеті үшін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Медальді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов табыстады.

«Бүгін біздің әріптесіміз Бақытжан Бәкіров Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың құқықтары бойынша «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Осы мақсатпен біз оның үйіне барып, денсаулығын біліп, тезірек сауығып кетуін тіледік. Майор Бәкіровқа ризашылығымды білдіремін. Осындай лайықты ұлды тәрбиелеп өсірген ата-анасына ерекше алғыс айтамын», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.

Сонымен қатар, министрдің және ПД басшысының құқықтарымен Түрксіб аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің тағы жеті қызметкері марапатталды. Олардың шебер әрекеті арқасында баланы қорлаған аса қауіпті қылмыскер залалсыздандырылды және лайықты жазасын алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"