ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ТАЛАЙ АДАМДЫ ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗҒАН АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 04.08.2020
Оқылды: 1003
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алаяқтық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен Талғар ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның жалпы сомасы 7 миллионға жуық материалдық шығын келтіргені анықталды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

- Талғар ауданының тәртіп сақшыларына бірнеше тұрғын арызданып, жақын таныс емес азаматтың әрекеттерінен ірі көлемде зардап шеккендерін жеткізген. Тергеу барысында алаяқ өз құрбандарына нарықтан төмен бағада жер телімдерін алып берем деп қолдарында бар қомақты қаржыны алып, сан соқтырып кеткен, - деп жеткізді Талғар қалалық полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Ерлан Қасым.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, күдікті былтырғы жылдың соңында өзінде жоқ жерлерді алып берем деген желеумен бір тұрғыннан 2,7 миллион, екінші азаматтан 1,2 миллион, ал үшіншісінен 3 миллион теңгеге бағалап, «Тойота» маркалы автокөлігін алып кеткен.

- Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алаяқтық жасады деген күдікпен Талғар ауданының бұған дейін сотталмаған 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұлтартпас айғақтар негізінде күдікті қылмыстарын мойындады. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Күдікті сот шешімімен мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, - деді полиция полквонигі Ерлан Қасым.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан