ПОЛИЦЕЙЛЕР ТАСҚЫН АҒЫЗЫП ӘКЕТКЕН ЕКІ ЖОЛАУШЫНЫ ҚҰТҚАРДЫ

Уақыты: 11.08.2020
Оқылды: 982
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тауға жауған нөсер салдарынан Қойбын шатқалында сел болып, Қоңырөлең – Жаркент тасжолының 55 шақырымында жолдың 10 метр жерін су шайып, осы аралықта «Ауди-100» автокөлігімен келе жатқан екі жолаушыны тасқын ағызып әкетті. Жанталасқан жолаушылар автокөліктің терезесін шағып сыртқа шыққанымен асау тасқын олардың жағаға шығуына ырық берген жоқ.

Осы сәт Қоңырөлең учаскелік полиция бекетінің жұмысын тексеріп қайтқан Панфилов аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайнар Оңғарбаев пен жергілікті полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Рауан Қасымов суға ағып бара жатқан автокөлік пен оның жанында жанталасқан қыз бен жігітті байқап, дереу құтқаруға әрекет жасамағанда, салдары қалай боларын кім білсін?

– Селге ағып бара жатқан екі жасты көріп, Рауан екеуміз бірден оларды құтқарып алуға ұмтылдық. Алайда тасқын бізді оларға маңайлата қойған жоқ. Осы кезде біздің жанымызға басқа да жолаушылар топтасып қалып еді. Солардың бірі бізге ұзын арқан ұсынды. Бәріміз жабылып жүріп арқанды сел суының ортасындағы қарағашқа жабысып, қыздың шашын білегіне орай ұстап жанталасқан жігітке ұстатып, шетке екеуін де тартып алдық. Олардың көлігін де су шетіне шығардық. Селден құтқарылған қыз бен жігітті аудандық ауруханаға жеткіздік. Олардың қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлердің көмегінен соң үйлеріне жіберілді, – дейді Қайнар Қайдауылұлы.

Полиция қызметкерлері өздерінің жанкешті ісін ерлікке санамайды. Ал сел суынан құтқарылған Бекзат пен оның серігі Гүлнардың өздерін ажалдан құтқарған жандарға алғысы шексіз. Бұл оқиғаны көрген, естіген жандар да полиция қызметкерлерінің ерлігі ескерусіз қалмаса екен деген пікірде. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы