ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖЕЗӨКШЕЛЕР ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН ҚОНАҚҮЙ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 08.08.2020
Оқылды: 1790
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласында орналасқан қонақүйлердің бірін тексеру барысында онда жезөкшелер қызмет ететіні анықталды.

Тексеру кезінде тәнін саудалайтын 10 бойжеткен ұсталды. Олардың үшеуі көрші Өзбекстан азаматшасы. Жеңіл жүрісті қыздардың қызметін 29 жастағы жергілікті әйел ұйымдастырып келген.

- Көрші республикадан келген заңсыз иммигранттарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешіміне сәйкес олар таяуда елімізден депортацияланады. Өйткені олардың барлығы қолданыстағы көші-қон заңнамасын өрескел бұзған білгілі болды. Сонымен қатар, барлық ұсталған адамдар, оның ішінде қонақ үй кешенінің бірнеше қызметкері полицияның тіркеу дерекқоры бойынша тексеруден өтті. Себебі, көп жағдайда бұл санаттағы азаматтардың әртүрлі қылмыстарға қатысы болады, - деді Алматы облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.

Қыздар ақшалай сыйақы үшін интимдік қызметтер көрсеткенін жоққа шығармады. «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притонды ұстау, сондай-ақ, жеңгетайлық үшін осы мекеменің әкімшісі жауапқа тартылды. Әйел пәтерді жеңіл жүрісті қыздарға жалға берген, олар әр клиенттен түскен пайданың белгілі бір бөлігін жеңгетайға тапсырып отырған. Сондай-ақ, қонақүй әкімшісі карантин шараларын өрескел бұзғаны үшін де жауапкершілікке тартылады», - деді Асхат Данияр.

Күдікті клиенттен ақша алу үстінде ұсталды. Барлық айғақ заттар притонды ұйымдастыру немесе ұстау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іске тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"