ШАҒЫН АВТОБУСТА 360 МЫҢ ТЕҢГЕНІ ҚОЛДЫ ҚЫЛҒАН ҰРЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 14.09.2020
Оқылды: 921
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері автобус ұрысын әшкереледі. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Әккі ұрыны ұстаған - Қарасай ауданының полицейлері.

Қарасай ауданы полиция бөлімінің кезекшілігіне Шамалған станциясының 38 жастағы тұрғыны микроавтобуста белгісіз адамның оның барсеткасынан 360 000 теңге ұрлап кеткені туралы арызданған. Азамат ұрыны ұстамақшы болғанда, ол  қашып кеткен, алайда ол ұрыны суретке түсіріп үлгерген.

- Аз уақыт ішінде тергеушілер жедел-іздестіру іс-шарасы барысында бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған Іргелі кентінің 41 жастағы тұрғыны болып табылатын күдіктіні "Алтын Орда" базарынан ұстады. Жәбірленушімен, кондуктормен танылған және басқа да дәлелдермен әшкереленген, жеңіл олжаны жақсы көретін азамат тонау дерегін толық  мойындады. Және ол "тыныш қана" ұрламақ болғанын, бірақ жәбірленушінің оны "көріп қойғанын" жеткізді, - дейді Қарасай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абай Тынышбаев.

Ұрланған ақшаны қаскүнем өз көлігін жөндетуге жұмсап үлгерген. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған азамат қамауға алынды.

- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарды қоғамдық орындарда қомақты қаражаттарының бар екенін көрсетпеуге шақырамын. Аталған жағдайда барсеткадағы көп ақшаны көрген азамат еш ойланбастан ұрлыққа барған. Өз ақшаларыңызға сақ болыңыздар, - деп ескертті полиция полковнигі Абай Тынышбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"