АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ АКЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 15.09.2020
Оқылды: 1255
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері адам саудасына қарсы акция өткізді. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ішкі істер органдары адам саудасы, бас бостандығынан заңсыз айыру, жезөкшелікпен айналысуға тарту, притондар мен жеңгетайлық ұйымдастыру деректерінің алдын алу және анықтау мақсатында республика аумағында "STOP трафик" операциясын жүргізуде.

- Жедел алдын алу іс-шарасы аясында облыстың криминалдық полиция қызметкерлері "Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталығы" үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп, Панфилов ауданының "Қорғас" экономикалық аймағының өткізу пунктінде адам саудасына қарсы күрес бойынша сенім телефонының логотипі бар медициналық бетперделерді, сондай-ақ, брошюралар мен буклеттерді тарату бойынша акция өткізді, - деді Алматы облыстық криминалдық полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Асхат Данияр.

Полицейлер жыл басынан бері Алматы облысының аумағында жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін притондар ұйымдастырудың немесе ұстаудың 10 дерегі тіркелгенін атап өтті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты - адам саудасымен байланысты қылмыстардың жолын кесу және алдын алу.

Заңғы қайшы әрекеттерге тап болған немесе қылмыстар мен құқықбұзушылықтар туралы қандай да бір ақпарат білген жағдайларда сенім телефонына (11616) хабарласу қажет.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"