САРҚАН АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ ЕЛІК АТҚАН 38 ЖАСТАҒЫ АҢШЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 1682
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының табиғатты қорғау полициясы заңсыз аң аулаған браконьерді құрықтап, оның елік атқанын әшкереледі. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Алматы облысының аумағанда жүргізіліп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары өзге де табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, Сарқан ауданының аумағында 38 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тексеру барысында оның заңсыз аң аулағаны анықталды.

- Арнайы рейд кезінде «Сарқан» аңшылық шаруашылығы аумағында «Нива» маркалы көлік тоқтатылып, көліктен жаңа атылған еліктің денесі табылды. Сондай-ақ, заңсыз аңшылықты кәсіп еткен браконьерлерден екі аңшы мылтығы тәркіленді. Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті табиғат қорғау полициясының инспекторы, полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, браконьерлер мінген көлік тергеу аяқталғанға дейін арнайы тұраққа тоғытылған. Табиғи байлықты қорғауға және жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қол сұғушылықтың алдын алуға бағытталған «Браконьер» іс-шарасы Алматы облысы аумағында 16-30 қыркүйек аралығында өтуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"