РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА ҰСТАЛҒАН ҰРЫ ҚАТАРЫНАН ЕКІ ДҮКЕН ТОНАҒАН

Уақыты: 23.09.2020
Оқылды: 1029
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Райымбек аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне ұрлық дерегі туралы бірінен кейін бірі екі арыз келіп түсті.

Біріншісі гастрономда орын алған. Қаскүнем терезені сындырып, 300 000 теңгеге жуық қаражаттың азық-түлігін ұрлаған. Екінші ұрлық зергерлік бұйымдар мен электрондық техника дүкенінде жасалған. Бұл жағдайда азамат терезе арқылы кіріп, 6 000 теңге көлеміндегі ұсақ купюраларды, 26 алтын және күміс зергерлік бұйымын, ұялы телефондар мен планшеттерді және тағы да басқа мүлікті иемденіп кеткен. Шығынның жалпы көлемі 1 300 000 теңгеден аса қаражатты құрап отыр.

- Іздеуге кіріскен тергеушілер жедел түрде Райымбек ауданының 21 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ұрланған заттардың көп бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Алайда ол бірнеше ұялы телефон мен планшетті Алматы қаласында сатып үлгерген, - дейді Райымбек аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрдәулетов.

Күдікті  уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Екі дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"