ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ТОҒЫЗЫНШЫ РЕТ ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 28.09.2020
Оқылды: 873
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қарасай ауданының тәртіп сақшыларына жергілікті тұрғын Жібек жолы ауылдық округіндегі сауда үйінің алдында белгісіз біреудің "Айфон" маркалы телефонын ұрлап кеткенін хабарлаған. Сондай-ақ, жергілікті блогердің әлеуметтік желідегі парақшасында қылмыс болған сәттегі оқиға орнында түсірілген бейнежазба жарияланған.

Жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бұлтартпас айғақтар негізінде ол қылмысын мойындап, ұрланған телефонды сатып жібергенін айтты.

- Оқиға орнындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында қылмысқа қатысы бар күдіктінің өзге біреудің қалтасынан телефон ұрлаған сәті жазылғаны анықталды. Күдікті бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін 8 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188 бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - деп хабарлады Қарасай ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция майоры Бақыт Тотыбаев.

Тергеу барысында күдікті азаматтың ұрланған телефонды Алматы қаласындағы базарлардың бірінде сатып жібергені белгілі болды. Дегенмен, ол зардап шегушінің материалдық шығынын толығымен өтеді. Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеретін болады.

Өз кезегінде полицейлер қалта ұрлығының алдын алу үшін құнды дүниелерді киімнің сыртқы қалтасына салмау керектігін және жеке заттарға өте мұқият болу қажеттілігін ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"