ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТСЫЗДЫҚТАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 1965
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өмірдің сан түрлі өткелдерінде шалыс басып, опық жеп, опа іздейміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағидамыз қалыс қалып, қолды бір сілтеп кете барамыз. Артынан өкініш көкіректі өртеп, байбаламға саламыз келіп. Соның барлығы да сауаттылыққа келіп тіреледі. Менің меңзегенім мен айтпағым – құ­қық­тық сауаттылық. Заңды біріміз білсек, біріміз біле бермейміз...

Қазақ жаратылысында өзінің болмыс-бітіміне сай құрылған дала заңын берік ұстанған жұрт. Ырым-тыйымдарымыз қағазға түспеді демесе, өз ке­зеңінде тұнып тұрған заң болатын. Одан бөлек Қа­сым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жо­лы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» өзі бір төбе. Осы­дан кейін қазақта заң болмады деп көріңіз. Көп­тен бері көксеген тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, Ата Заңымызды қабылдадық. Сол Конституцияға Ел­ба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев қолын қойып, халыққа ант берді. Ендігі кезде өзге де кодекстер мен құ­қық­тық-нормативтік актілер соған негізделіп жа­са­лынып, жүйеленеді. Білместіктегі мәселе онда емес, мә­селе заңның орындалуында, оны түсіне білуінде. Түсінгеніміз былай тұрсын, білместікпен заң бұзып, ар­тынан жауапқа тартылып жататынымыз тағы бар. Көше тәртібіне бағынып, тура жолдан тайып жат­қан­дары да қаншама?

«Ата Заңымыздың бірінші бабында не айтылған» деп сауал қойсаңыз, көбінен басты шайқаудан басқа амал қалмай қалатыны өкінішті-ақ. Ал қазір, тіпті, жұмысқа тұрған кезде де Еңбек кодексін бастан-аяқ оқып шықпайтындардың қарасы көп. Осыдан-ақ біздің салғырттығымызды байқауға болады. Мына қоғамда қандай жағдайда заңға сүйену керектігін түсіне алмай келеміз. Керісінше, ала тонымызды ала қашып, жауапкершіліктен бас тартамыз. Осылардың себебі мен салдарын іздеп, біршама толғаттық, тол­ғат­тық та айыпты өз бойымыздан, ертеден қа­лып­тасқан бейғамдығымыздан жолықтырдық.

Қарап тұрсаң, қазақ бойында салғырттықтың салдарынан туындайтын кемшілік баршылық. Өзге ұлт өкілдерімен салыстырсақ, қазақ тым қара­пайым­дылығымен ерекшеленіп тұрады. Қой аузынан шөп ал­мас жауастығымыз да бар. Абай атамның екінші қа­ра сөзіне көз салар болсақ: «біздің қазақ сартты көр­се, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тә­жік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» де­сіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт де­ген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай де­сеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс», – дейді. Соңын ала жоғардағы ұлттардың артық­шылығын айтқанда, соншама мақтанғанымыздан жер шұкып қаламыз. Қазір байыппен қарасаңыз, базар кезіп, жүк көтерген, одан қалса белгілі нүктелерде жалданып, бұйырған жұмыстан нәпақа тауып кү­нел­тіп жүрген қазақты көресің. Қара жұмыстың қамытын киіп, жан бағыспен шапқылайды. Солай еткен қазақ әде­биеттен де, мәдениеттен де алыстап, баба мұрасы мен ұлттық тәрбие заманның көлеңкесінде қалып қояды. Осыларды ескере келе «қазақ десең өзіңе тиеді» деп қолды бір сілтейсің. Зерделей қарасақ, құқықтық сауаттылық жағынан кей тұстарда бізден әлдеқайда өрде тұр өзге ұлттар. Заңды шемішкеше шағып, құқықтарын өз деңгейінде қорғай алады. Оған дәлел ретінде жақын туысымның басынан өт­кен оқиғаны баяндап берейін. Жақыным мінген ав­то­көлікке орыс баласы отырған мотоцикл үлкен жыл­дамдықпен келіп соқтығысады. Өзі ғана емес, қасына кәмілеттік жасқа толмаған бойжеткенді мінгестірген. Оның басында, тіпті, арнайы баскиім де (каска) болмаған. Нәтижесінде, мотоциклдегі қыз бен жігіт аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Автокөлік жүргізушісі барлық жол ережесін сақ­та­ған, алайда ол кінәлі болып табылуы мүмкін. Қалай дей­сіздер ғой, сотқа дейін анықтау жұмыстары жүр­гі­зіліп жатады. Мүмкіндікті оңтайлы пайдалана біл­ген өзге ұлт өкілдері заңның да осал жерін тауып алыпты. Сарапшының шешімі бойынша: «мото­цикл­дегі азамат сол сәтте техниканың мүмкіндігін пайдалана алмай, тежегішті дұрыс баса алмаған» деп жазылған. Ал сот сарапшының пікірін негізге алып шешім шығарады. Назар аударсақ, жол ережесін бұзып қана қоймай өзгеге залалын келтірген мото­цикл жүргізушісі судан таза, сүттен ақ болып шығуы әбден мүмкін. Осындайда кінәлі жақ сарапшымен сыбайлас болған деген ой келеді басымызға, сөйтіп әділдік таппай сандаласың. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», – деп Абайша қапаланасың, Абайша ашынасын.

Осындай мысалдарды айта берсек өте көп. Қо­ғам­дық көлікте отырсаңыз да жүргізушінің міндетін айтып, ашынып, талап қоятын өзге ұлтты байқайсың. Аурухананың немесе кез келген мекемедегі кезекті бұзып, қабылдауға кіріп бара жатқанды көріп, бай­баламға салатындар да солар. Ал өзіміздің қан­дас­тарымыз қойдан жуас, бетегеден аласа қалпын бұз­бай, терең дем алады да үндемей отырғаны. Өзі­міз­ден де бар-ау дейсің кейін.

Қарапайым ғана мысал, арыз жазсақ та көбіміз орыс­ша қалам жүгіртеміз. Қолымыздағы ақ параққа үлгіден қарап, көшіреміз. Өз бетімізше өз тілімізде жаза алмайтын жағдайға жеттік. Ол дегеніміз – басқа тілдің үстемдік құрғандығынан. Кеңестік кезде ана тілімізде сөйлеуге қорқып күн кешкенде, орыс тілі са­намызға сіңіп қалған. Алайда, тәуелсіз елдің ұр­пақ­тары ретінде осыларды реттеуге тиістіміз. Қазақша ой­лап, қазақша сөйлеп, Ұлы Дала ұландары екен­дігімізді таныту әрқайсымыздың қолымызда.

P.S: Заңның тетігін таппай, сауатсыздықтың сауытын киіп, көзіміз мөлдіреп қалмағай. Абайша айтсақ, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп күн кешіп, бейғамдықтың торына шырмалып, аңқаулықтың ауылын мекен етпейік, ағайын!

Мәулен Әнербай