ТАЛДЫҚОРҒАНДА БІРНЕШЕ РЕТ ІСТІ БОЛҒАН ВЕЛОСИПЕД ҰРЫСЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 10.10.2020
Оқылды: 1198
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанның полицейлері велосипед ұрысын ұстады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Талдықорған қаласында ағымдағы жылдың қыркүйек айында велосипед ұрлығының бірнеше дерегі тіркелген еді. Олардың барлығы көппәтерлі үйлердің кіреберістерінде еркін қол жеткізу арқылы жасалған.

- Әрбір қылмысты әдістемелік тұрғыдан пысықтай отырып, біз Талдықорған қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстадық, ол бұрын да дәл осындай қылмыстары үшін 10 рет және тонау үшін 2 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты. Ол өз қылмыстарын негізінен Талдықорғанда жасаған, сонымен қатар, екі рет Алматы қаласында тәртіп сақшыларына ұсталған. Қос дөңгелекті көлікті жақсы көретін күдікті бірнеше рет сотталып, темір тордың арғы жағында да болған. Қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан сайын ол ескі әдетіне қайта басып отырған, - дейді Талдықорған қалалық полиция басқармасы "Шығыс" полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Қайрат Баймұханов.

Қазір жедел уәкілдер велосипед ұрлаудың 15 дерегін дәлелдеді. Олардың 10-ы табылып, заңды иелеріне қайтарылса, ал бесеуінің іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда, өйткені, оларды күдіктіден сатып алған адамдар әрмен қарай саудалаған.

- Айқын емес қылмыстарды ашу қиынға соғады. Дегенмен, жәбірленушілердің көпшілігінің ұрланған екі доңғалақты көлік құралдарын тауып, қайтара алдық. Оған мысал, азаматтардың полицейлерге жақсы қызмет көрсеткені үшін шын жүректен алғыс білдіруі, ал кейбірі ризашылықтарын тіпті бейнежазба арқылы да жеткізді. Қазіргі уақытта күдікті сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанға дейін қамауда болады, - деп толықтырды майор Қайрат Баймұханов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан