АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ АСА ІРІ КӨЛЕМДЕГІ МАЛ ҰРЛЫҒЫН АШТЫ

Уақыты: 16.10.2020
Оқылды: 1242
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жамбыл ауданында аса ірі көлемдегі мал ұрлығын кім жасағаны белгілі болды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Жамбыл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Кеңсай ауылының 76 жастағы тұрғыны 2 қазаннан 3 қазанға қараған түні жайылымнан 17 жылқысының ұрланғаны  туралы арызданған. Шығынның  жалпы құны 12 млн.теңгеден асқан. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша тіркелді.

- Бірлескен кең ауқымды жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласындағы мал базарынан жәбірленуші таныған 11 бас жылқы табылып, тәркіленді. Іздеуді жалғастырғаннан кейін, Түркістан облысы, Сайрам ауданының Арыс ауылынан жәбірленушімен танылған тағы екі жылқы табылды. Алыпсатарлар анықталып, олар арқылы тағы екі құлын мен бие Тараз қаласындағы жеке тұлғалардан шықты. Іздеу басталғаннан кейінгі екінші күні полиция қызметкерлері 17 жылқыны ұрлағанын мойындаған, Жамбыл ауданының Қарақастек ауылында тұратын, Қытай Халық Республикасының 37 жастағы тумасын таудағы жайылымнан анықтап, ұстады, - деді  Жамбыл ауданының полиция бастығы, полиция полковнигі Асхат Тегенбаев.

Барлық мал заңды иесіне қайтарылды. Ақсақалдың атынан полицейлерге мүлтіксіз қызмет көрсетіп, жылқыларды қайтарғаны үшін 47 жастағы ұлы алғысын білдірді.

Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды, жедел уәкілдер ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"