ЖОЛДЫ БЕЙ-БЕРЕКЕТ КЕСІП ӨТЕТІН ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 1146
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері жаяу жүргіншілер жол ережелерін жиі бұзатын жерлерге кезекшілік жасады.

Патрульдік полиция ротасы қызметкерлерінің назары Алматы-Өскемен автожолымен Талдықорған қаласының кіреберіс аумағында болды. Себебі, тәжірибенің көрсетуі бойынша, бұл аумақта жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері жиі орын алады және жол ережесі де жиі бұзылады.

Жыл басынан бастап жолдың аталған учаскесінде 4 адам қаза тапқан, жаяу жүргіншілерді қағудың 7 дерегі орын алған.

- Негізінен, осы аумақта "Жаяу жүргіншілер өткелі" жол белгісі бар. Алайда кейбір жаяу жүргіншілер әлі де өз өмірі мен денсаулығын бәске тігіп, жолды кесіп өтеді, сонымен  қатар, олар жол қозғалысының басқа да қатысушыларына нақты қауіп төндіреді. Және мұндай деректер түбімен тоқтатылуы керек. Біз осал деп аталатын учаскелерге патрульдік полицияның бірнеше экипажын шығардық, - дейді рейдтік іс-шарадағы Алматы облысы полиция департаменті ЖПҚБ патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары, полиция майоры Қайырбек Қанатбеков.

Жыл басынан бері патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жаяу жүргіншілерге қатысты 772 құқық бұзушылықты анықтады.

- Жоғарыда көрсетілген учаскеде көлік жүретін бөліктен өту қағидаларын бұзғаны үшін 28 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл олар үшін және жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшін пайдалы сабақ болады деп үміттенеміз. Көңіл көншітпейтін статистика мен қайғылы фактілер бүгінде жаяу жүргіншілер үшін жауапкершілікті күшейтуге және олардың жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауына бақылауды күшейтуге ықпал етеді. Рейдтік іс-шаралардан басқа, алдын алу саласында да ерекше жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар жол қозғалысына қатысушылардың жол тәртібіне оң әсерін тигізуге мүмкіндік береді, - деді майор Қ.Қанатбеков.

Бұдан өзге, жүргізуші құрамға тұрақ, белгілер мен таңбалар, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Аталған құқық бұзушылық түрлері бойынша патрульдік полиция қызметкерлері 300-ден астам әкімшілік хаттама толтырды. Талдықорған қаласына кіреберісте ұйымдастырылған іс-шараның бір күнінде барлығы 40-қа жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"