ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТӘРБИЕШІ ОФИЦЕРЛЕР БІР КҮНДІК СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 28.10.2020
Оқылды: 995
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтау жолында тынымсыз еңбек ететін әскерилердің отаншылдық, мемлекетшілдік рухын ояту керек. Бұл туралы Достық үйінде өткен, Талдықорған гарнизонына қарасты әскери бөлім басшыларының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасарларына арналған семинар-шарада айтылды.

Тәрбиелік мәні зор жиынның ашылуында сөз алған Талдықорған гарнизоны басшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Өзеханның айтуынша, қазіргідей кезеңде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ететін әрбір әскеридің бойында туған ел мен жерге деген құрметі басым, ықыласы ерекше болуы тиіс. Өйткені, шегараның беріктігі, елдің тыныштығы мен тұрақтылығы азаматтардың отаншылдығына тікелей байланысты.

Өткізіліп отырған жиында көптеген бағыт бойынша баяндама жасалып, патриоттық тәрбиенің маңыздылығы түсіндірілді. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясының, облыстық дін істері басқармасына қарасты діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларды оңалту орталығының, Рухани жаңғыру орталығының, Талдықорған гарнизонына қарасты әскери полиция бөлімінің, әскери-патриоттық орталықтардың өкілдері мен психологтар арнайы тақырыптар бойынша сөз сөйлеп, қазіргі заман талаптарынан туындаған мәселелерді шешудің жолдарын қарастырды.

– Іс-шараның негізгі мақсаты – тәрбиеші офицерлерге Қазақстан Қарулы Күштеріндегі заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жеткізу және әскери қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру. Жалпы, мұндай шара жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында өткізіліп тұрады. Биылғы пандемияға байланысты Елордада өткен жиынға еліміздің барлық өңірлеріндегі әскери гарнизон басшыларының орынбасарлары қатысқан болатын. Соған орай Жетісу жеріндегі гарнизондарда қызмет ететін тәрбиеші офицерлерінің басын қосып отырмыз, – деген Талдықорған гарнизоны басшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Өзехан бір күндік шараның мәнін түсіндіріп өтті. – Қазір бүкіл Қазақстан Республикасы бойынша мектептерде «Жас сарбаз» клубтары ашылып жатыр. Онда жоғары сынып оқушыларына алғашқы әскери дайындық пәні оқытылып, өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге баса көңіл бөлінеді. Одан бөлек, елімізде жыл сайын «Айбын» әскери патриоттық байқауы өткізіліп тұрады. Биыл ол онлайн режимде өтті. Меніңше, осындай игілікті іс-шаралар келешек ұрпақтың бойындағы отаншылдық, мемлекетшілдік, патриоттық сезімді ұштап, әскери өмірге деген сүйіспеншілігін оятады. Талдықорған әскери гарнизонына азаматтық борышын өтеушілерді алу жұмысы бір сәтке де толастамақ емес. Алуға рұқсат етілген өңірлерге барып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет еткісі келетін азаматтарды қажетті тәртіпті сақтай отырып әкелеміз. Алдымен ПЦР-тестен өткен азаматтар белгіленген тәртіппен он бес күндік карантинде тексеріліп, әскери қызмет өтеуге жіберіледі.

Бір күндік семинардың арқасында Жетісу жеріндегі әскери бөлім басшыларының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасарлары өздеріне қажетті мәліметті жинақтап қайтты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы