АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ САЯЖАЙЛАРДЫ ТЕКСЕРІП ЖҮР

Уақыты: 28.10.2020
Оқылды: 828
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері саяжай секторларын тексеріп жатыр. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Алматы облысында полицейлер алдын алу іс-шаралары аясында саяжай секторларын аралап жүр. Естеріңізге сала кетейік, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, сондай-ақ, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында ағымдағы жылдың 7 қыркүйегі мен 1 желтоқсаны аралығында Алматы облысының аумағында "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.

- Учаскелік полиция инспекторлары "Үйтас" саяжай алабындағы аулаларды аралауда. Оның басты мақсаты - тұрғындар туралы ақпарат алу, тұрғындарға учаскелік инспектордың байланыс деректері бар визит карточкаларын табыстау, профилактикалық әңгімелер жүргізу және түрлі қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың жолын кесу. Акция барысында белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға, кәмелетке толмаған балалары бар қолайсыз отбасылар  мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға ерекше назар аударылады, - деп хабарлады Талдықорған қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Түсіпбеков.

Алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінің өзінде мектеп жасындағы балалар тұратын екі қолайсыз отбасы анықталды. Барлық балалар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына тапсырылды, онда олардың және  ата-аналарының әрі қарайғы тағдыры шешілетін болады.

«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында тұрғын үй-жайларды заңсыз жалға беру, шетел азаматтарының заңсыз жүруі, сондай-ақ, қаруды заңсыз сақтау деректерін анықтау бойынша жұмыстар жоспарланған. "Біз әр үйді мүмкіндігінше қысқа мерзімде аралауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, осындай алдын алу іс-шаралары қаланың басқа саяжай учаскелерінде де қолға алынады", - деп толықтырды полковник Марат Түсіпбеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"