ТАЛҒАРДА ИТ ПЕН МЫСЫҚТЫ АЗАПТАП ӨЛТІРЕТІН ҚАТІГЕЗДЕР ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 20.11.2020
Оқылды: 1523
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында полицейлер үй жануарларына қатыгездік танытқан екі ер адамды ұстады.

Талғар ауданының полиция бөліміне Панфилов кентінің 23 жастағы тұрғыны хабарласып, ауылында белгісіз біреулер қаңғыбас иттер мен мысықтарды азаптап өлтіргені туралы айтқан.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір тәулік ішінде Талғар ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Серікұлы қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген 29 және 37 жастағы екі ағайынды тұрғынды ұстады. Тексеру барысында он шақты ит пен мысықты азаптаған екі ағайынды да психикалық ауру және нейропсихиатриялық мекемеде арнайы есепке алынғаны белгілі болды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта оларды психиатриялық ауруханаға орналастыру мәселесі көтерілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан