ПОЛИЦИЯҒА ЖҮГІНСЕҢ, МАЗА БЕРМЕЙМІЗ ДЕГЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 20.11.2020
Оқылды: 1127
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері адам бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты қолға түсірді. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Алматы облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Балпық би кентінің 28 жастағы тұрғынының бопсалаумен айналысып, жастарды қорқытып, олардан ақшалай алым жинайтыны туралы жедел ақпарат алды.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 18 жастағы зардап шегуші бейтаныс адамның аудан орталығындағы сауда үйлерінің бірінде өзін жергілікті «беделдімін» деп қорқытып, зорлық көрсетіп, бір апта ішінде белгілі бір соманы тауып беруді талап еткенін айтқан.

Күдікті жәбір көрсетушіні полицияға жүгінген жағдайда кез-келген жерде оған қылмыскерлер маза бермейтінін айтып, өзінің қылмыстық ортада үлкен байланысы бар екенін түсіндірген. Сол жерде жәбірленушінің телефон нөмерін жазып алған. Бірнеше күннен кейін жәбірленушіге қоңырау шалған 23 және 29 жастағы екі адам бопсалаушы айтқан қаржыны алып кетіп, оған салып жіберген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық күдіктілер ұсталды. Негізгі күдіктінің бұған дейін бұзақылық пен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін екі рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ұсталғандар осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан