БАЛҚАШ АУДАНЫНДА РЕЙД ЖҮРГІЗІЛІП, БІРНЕШЕ АҢШЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 21.11.2020
Оқылды: 855
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Балқаш ауданында қоян аулағандар ұсталды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Көктал ауылының маңында табиғатты қорғау полицейлері "Охотзоопром" инспекторларымен бірлесіп, түнгі уақытта мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз автокөлікпен төрт қоянды прожектор көмегімен заңсыз аулаған 46 жастағы екі жергілікті тұрғынды ұстады. Күдіктілерден барлық заттай дәлелдемелер алынды. Олардан "УАЗ" автокөлігі, прожектор, мылтық және 4 қоян тәркіленді. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы, 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. Сонымен қатар, Көкжиде ауылының маңында бір қоянды заңсыз аулаған 42 және 44 жастағы екі жергілікті тұрғын ұсталды.

Ұсталғандардың барлығы заңсыз аң аулағаны және тиісті құжаттарсыз атыс қаруын сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, бір апта ішінде жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде Топар, Жиделі, Бақбақты, Қараой ауылдарының маңайында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардан тіркелмеген тегіс ұңғылы атыс қаруының 4 бірлігін тәркіледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"