ТАЛҒАРДА ҚЫЗМЕТТІК ИТТІҢ КӨМЕГІМЕН ІРІ КӨЛЕМДЕГІ ЕСІРТКІ ЗАТТАРЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 24.11.2020
Оқылды: 1469
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданында синтетикалық және өсімдік тектес есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтаған және саудалаған күдікті ұсталды. Бұл жайында Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Талғар ауданы аумағындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері салмағы 0,057 грамм болатын синтетикалық есірткі затын өткізу дерегін анықтады. Сонымен қатар, осы күдіктінің, Амангелді ауылының 39 жастағы тұрғынының жеке үйін тінту барысында қызметтік-іздестіру иті асүйден салмағы 220,08 грамм болатын, аса ірі көлемге жататын, сараптамамен гашиш деп танылған, металл банканы тапты. Сондай-ақ, аулада, ваннаның жанынан ит сараптамамен марихуана деп танылған, салмағы 1 кг 466 грамм болатын пластикалық пакетті тапқан. Бұл да ірі көлемдегі есірткі затына жатады.

Аталған деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 1-бөлігі, 296-бабы, 4-бөлігі бойынша тіркелді. Бұрын ұрлық пен қарақшылығы үшін бірнеше рет сотталған күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"