ПОЛИЦИЯ КӨЛІКТЕРІ ТАЛАПҚА САЙ МА? ГЕНЕРАЛ-МАЙОР ӨЗІ ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 28.11.2020
Оқылды: 1114
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев жол сақшыларымен пысықтау шарасын өткізіп, қызметтегі басымдықтарды таныстырды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алматы облысы жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полиция ротасы мен Талдықорған қалалық патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жаппай сапқа тұрғызылды. Жол сақшыларымен кездескен облыстың бас полицейі, генерал-майор Серік Күдебаев қызметтік көліктердің техникалық жағдайын тексеріп, қызмет атқару кезінде құқықбұзушылыққа жол бермеу қажеттілігін атап өтті.

- Талап барлығымызға ортақ. Сондықтан, көліктерді қысқы мезгілге дайындау, сондай-ақ, санитарлық талаптарды сақтау тәртібін өзімізден бастауымыз қажет. Билік өкілі ретінде жолаушыларға сіздер үлгі көрсетулеріңіз қажет. Ауа райының суықтығын және жолдардың тайғақтығын ескере отырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырамын. Жолда құқықбұзушылықтың алдын алумен қатар, қауіпті жол учаскелерінде қайғылы жағдайларды болдырмас үшін кезекшіліктер ұйымдастыру қажет, - деді Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев. Сонымен қатар, ведомство басшысы полицейлердің мемлекет деңгейінде беделін арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, әр тәртіп сақшысы өз атына лайық болуы үшін абыроймен қызмет атқаруы керек екенін жеткізді. Сап түзеген полиция қызметкерлерінің жаһанды жайлаған коронавирус індетінің алдын алу кезіндегі еңбегі ерекше ескеріліп, талапқа сай осы жұмысты ары қарай жалғастыру керектігі тапсырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"