Генерал

Уақыты: 11.05.2017
Оқылды: 1836
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Адам бір сәт өткен өмір жолына көз жүгіртіп, жасаған ісіне баға береді, сол арқылы алдағы атқарар шаруасын, барар белесін бағамдайды. Сағынжан Байболұлы Асыл-Кеней ондай сәттерді басынан талай өткерген жан. Жетпіс жастың асқарына көтерілген асыл азаматқа еске алатын шуақты сәттер мен ел алдында есеп беретін сындарлы кезең талай кездесті.

Ел басына күн туған ауыр заманда, Ұлы Отан соғысының зардабы халықтың еңсесін езген қилы кезеңде дүние есігін ашқан Сағынжан Байболұлы қатарластарымен сол тұстағы барша ауыртпалықты тең көрді. Қиындық адамды құрыштай шыңдап, өмір үшін күресуге, адалдық жолында аянбай арпалысуға бағыттайды. Сағынжанның өмірді терең түсінетінін көреген, айналасындағы адамдардың қайғы-мұңына бейжай қарай алмайтын сезімтал, қиындықтан тайсалмайтын бірбеткей, еңбектен жасқанбайтын талапшыл болуына сол кезеңнің ауыртпалығы әсер етпеді деп кім айта алады?! Бала кезінен әлдінің әлсізге жасаған қиянатын, тірлікте кей кездері әділетсіздіктің де болып тұратынын аңғарып өскен ол ержетіп, азамат болғанда ақиқаттың ақ туын желбіретемін деп армандауы сондықтан болса керек. Ал, өмір алдына мақсат қойып, сол мұратына жету жолында қажымай-талмай еңбек ететіндерге жол ашатыны жасырын емес.
Кез келген алыс сапар  алғашқы адымнан бастау алады. Жастайынан еңбекке араласып, игілік атаулының төгілген тердің арқасында жасалынатынын ұғып өскен Сағынжан Байболұлы мақсатқа жетіп, елге қызмет ету үшін жақсы оқу қажеттігін қапысыз ұққан. Мұның талабын ұстаздары да аңғарып, дұрыс бағдар сілтеген. Мектеп қабырғасында жүргенде топ жетекшісі, қабырға газетінің редакторы, милицияның жас көмекшілері тобының басшысы бола жүріп, қоғамдық жұмыстарда шыңдалған кейіпкеріміздің Отан алдындағы борышын өтеуге алдыңғылардың бірі болып аттанғаны да сондықтан. Әскерден оралғаннан кейін, 1969 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің жанындағы Алматы милиция мектебінің заң факультетінің студенті атанады.
Сағынжан Байболұлы еңбек жолын Еңбекшіқазақ ауданының ішкі істер бөлімінде тергеуші болып бастайды. Мамандығын сүйетін, қызметіне адал жастың талабы оңғарылып, әріптестерінің қолдауына ие болғаны да осы кез. Араға аз уақыт салып Қаскелең аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші, жедел өкіл қызметтерін атқарған ол екі жыл қажырлы жұмыстан кейін қылмыспен күрес бөлімінің аға инспекторы, аудандық ІІБ бастығының орынбасары, соңынан Күрті аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалады. Анығында қысқа уақыт ішінде қызмет бабымен дәл бұлай жоғарылағандар некен-саяқ. Оның қызметтік баспалдақпен осылай өрлеуіне 1979 жылы Ленинградтағы Заң институтын, 1991 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО ІІМ-нің Академиясын бітіруі де ықпал етпей қалған жоқ. Заңның аяқасты болмауын, құқық қорғау саласындағы әріптестерінің әділдікті сақтауын өмірлік ұстанымы еткен Сағынжан Байболұлы білім мен ар-ұятты, тазалықты алдыңғы орынға қоятын.
1984 жыл Сағынжан Асыл-Кенейдің Алматы облыстық ішкі істер басқармасының бөлім басшысы қызметіне тағайындалуымен есте қалады. Бұл болашақ заң саласы маманы үшін қалыптасу, кәсіби өсу кезеңі болды. Себебі, уақытпен санаспай, үнемі тыныштық пен заңдылық күзетінде жүрген мазасыз күндер оның өміріне әсер етпей қалған жоқ. Сағынжан бұл қызметке табаны күректей жеті жылын арнады. Дәл осы кезеңде қылмысты ашу жөнінен алдыңғы қатардан көрініп, «КСРО ІІМ-нің озық қызметкері» медалімен марапатталғанын қалай ұмытсын?!
Ел тәуелсіздігін жариялап, қазақ жұрты өз алдына дербес мемлекет болғанда ұлтжанды азамат бар білімі мен тәжірибесін елдің гүлденуіне арнағанын жұртшылық жақсы біледі. 1991 жылы Алматы облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалып, бұл лауазымды екі жыл абыроймен атқарған білікті маман 1993 жылы Талдықорған облысы ішкі істер басқармасының басшысы міндетіне кірісті. Ол жылдар еліміз үшін қаншалықты ауыр болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Бас-басына жеке отау көтерген республикалар арасындағы экономикалық байланыс үзілді. Елімізде жоспарлы экономикадан, нарықтық қатынастарға көшу үрдісі басталған-ды. Істеп тұрған зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыссыздықтың белең алған кезеңі. Ішер ас, киер киімге зар болып, ер-азаматтар жерге қарап қалған тұста қылмыстың белең алатыны белгілі. Қоғам аса күрделі дәуірді басынан кешіп жатты. Осынау алмағайып заманда ел ішінде тыныштықты қамтамасыз етіп, жаппай тәртіпсіздіктің болмауы үшін ішкі істер органдарының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Талдықорған облысында бұл жұмыстардың басында білікті басшы, жаны ізгі азамат – Сағынжан Байболұлы тұрды. Өйткені, тәртіп сақшыларының техникалық жабдықталуы жақсарып, қылмыспен күрестің пәрменділігі еселеп артуына, полиция қызметкерлері үшін санаторий мен госпитальдің салынуына мұрындық болған жаңа басшы. 1998 жылдың 6-шы мамыры оның есінде мәңгілік сақталады. Себебі, дәл осы күні Сағынжан Асыл-Кеней Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан полиция генерал-майоры шенін алған болатын. Бұл тәртіп күзетіне бар ғұмырын арнаған жанның ұзақ жылғы еңбегіне берілген баға болса керек.
Осыдан кейін жаңадан генерал атанған Сағынжан Байболұлы республика басшылығының ұйғарымымен криминогенді ахуалы қашанда жоғары Жамбыл облысындағы құқық қорғау органын басқаруға аттанған. Қай жерде, қандай қызмет атқармасын, жұмысқа жанын сала кірісетін Сағынжан Асыл-Кеней мұнда да өзіне тән іскерлікпен жаңаша жұмыс жасағаны белгілі. Әлемнің құқық қорғау саласындағы жаңа да озық технологиялардың Талдықорған мен Жамбыл облыстарында қолданыла бастауы да осы тұс. Тәртіп пен заңдылықты сақтау жұмыстары да жетілдіріліп, көптеген жаңашылдықтар тәжірибеге енгізіле бастаған. Үш облыстың ішкі істер басқармасында жеті жылға жуық еңбек етіпті. Бұл кезеңді Сағынжан Байболұлы жемісті жылдар деп есептейді.
Өмірде бәрі де адам ойлағандай бола бермейді. Тірліктің өзі бір көлеңке, бір күнгейден тұратыны сияқты, 2000-шы жылдардың ортасында Сағынжан Асыл-Кеней аяқ асты қызметінен босатылған. Жұмысында кемшілік болып, заңсыздыққа жол берілсе бір сәрі. Қашанда өз ісін ұқыпты әрі адал атқаратын ол бұл шешімге қайран қалған. Жұмыстан босауының нақты себебін әлі күнге дейін біле алмай-ақ келеді. Ал, ҚР Ішкі істер министрі Сағынжан Байболұлына салаға тиесілі Академияны басқаруға ұсыныс жасаған. Алайда, ол қызметті жақсы атқарып жүрген, кәсіби білігі жоғары, адал азаматты өзі үшін орнынан жылжытатынын ойлап бұл ұсыныстан бас тартты.
Көп ұзамай басшысы зейнет демалысына шығайын деп отырған ҚР ІІМ-не қарасты заң колледжіне өзі сұранып барып, бұл қызметті екі жыл жемісті атқарды. Дәл сол тұста оқу орнының оқытушылар құрамын жетілдіріп, техникалық жарақтануы жақсара түскен. Сонымен қатар, Сағынжан Байболұлы жаңа оқу ғимаратының, студенттерге арналған жатақхананың, спорт залының, мылтық ататын орынның бой көтеруіне тікелей ықпал еткен болатын.
2001 жылдың наурыз айында колледж ұжымы генерал Сағынжан Асыл-Кенейді Мәскеуге шығарып салады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жанынан құрылған терроризмге қарсы күрес орталығы басшысының бірінші орынбасары қызметіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша тағайындалған ол құқық қорғау органдарында еңбек еткен кезеңде жинаған мол тәжірибесі мен білімін сарқа пайдаланған. Облыс, республика емес, халықаралық дәрежедегі ұйымда Қазақстанның абыройын биік ұстап, күн өткен сайын етек жайып келе жатқан терроризмді құрықтау оңай шаруа болмаса керек.  Осы жерде әлемге танымал тұлғалармен, өз ісін жақсы білетін мамандармен тығыз араласа жүріп өмірлік тәжірибесін арттыра түскені, мемлекеттік құрылымды ұғына түскені анық. Мемлекетаралық қатынастардың қыр-сырын меңгеріп, терроризм, экстремизм мен сепаратизм мәселелерін зерттеуге де мүмкіндік алған ол Мәскеуде қызмет жасаған кезінде өзінің тікелей міндетімен қатар, қоғамдық-саяси шараларға белсене араласып, құқық қорғау саласы студенттеріне лекция оқып, халықаралық алқалы басқосуларда, Қытай, Беларус, Молдова, Грузия елдері ішкі істер қызметкерлері алдында  түрлі тақырыпта баяндамалар жасағаны да белгілі, сол тұста бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары мен жарияланған мақалалары өз алдына бір төбе.
Бар ғұмырын тәртіп пен заңдылық күзетіне арнап, қылмыскерлермен күресіп өткен адамдардың жүрегі қарайып, ізгілік нәрі семеді деген қате түсінік бар. Мұны өмірі мен қызметі дәлелдейтін Сағынжан Байболұлы қиянатпен күресе жүріп, сонау бала кезінен кеудесіне қонақтаған асыл қасиеттерді сақтай білді. Бұған, бәлкім, оның тарихты тануы, әдебиетті сүюі, мәдениетті құрметтеуі, экономиканы меңгеруі, саясатты саралауы, туған халқының салт-дәстүрлерін сақтауы, ініге – аға, ағаға – жаға бола білуі ықпал еткен болар?! Самайы ағарған ғалымдармен, шабыты шалқыған ақындармен, өнерді өрге сүйреген әнші, күйші, бишілермен, актерлермен бір адамдай араласып, сыйласып келе жатқан генералдың таным-түйсігінің жан-жақтылығына еріксіз таң қаласың. Ең бастысы Сағынжан Байболұлы адамдарды ұлтына, түсіне, дініне қарай бөліп көрмепті. Жанына жақындаған, жәрдем сұраған адамдардың барлығына көмек қолын ұсынуға дайын тұратын жомарттығы және бар.
Бүгіндері самайын күміс шалған ел ағасы Сағынжан Байболұлы сол баяғы қалпында, еңсесін тік ұстап, тапқырлығымен, әдемі әзілдерімен, ойлы пікірлерімен тамсандырып келеді. Ал, ағайын-дос бас қосқан дастарқанда домбыраның сүйемелдеуімен әуелете ән салып, ақжарма тілектерін ақтарып, ақ батасын беруі жүрегіндегі ізгілік нұрын байқатса керек.
Ішкі істер органдарында, терроризмге қарсы күрес  орталығындағы табысты еңбегі үшін генерал-майор Сағынжан Асыл-Кеней көптеген орден-медальдармен марапатталды. Бүгінде оның өңірінде «Үздік қызметі үшін» медалінің барлық дәрежелері, мемлекеттік, салалық және халықаралық деңгейдегі 41 медаль жарқырайды. Сонымен қатар, Сағынжан Байболұлы Еңбекшіқазақ ауданы мен Алматы облысының Құрметті азаматы, Д. А. Қонаев атындағы академияның құрметті профессоры.
2003 жылы министрдің орынбасарымен теңестірілген зейнетақымен құрметті еңбек демалысына шыққан ол бұдан кейін де көптеген қызметтер атқарғаны белгілі. Атап айтқанда, Мәскеуде алған тәжірибесіне орай «Антитеррор және Антикриминал» республикалық қоғамдық қорының төрағасы, 2006 жылдан бастап «Груп 4 Секурикор Қазақстан» компаниясы бас директорының орынбасары, ал 2010 жылы Алматы қаласы Ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы міндетін атқарып келеді.
Ер-азаматтың қызметтегі табысы отбасындағы ахуалға тікелей байланысты болатынын ешкім жоққа шығармаса керек. Ал, Сағынжан  Байболұлының мұндай сенімді серігі, 30 жылға жуық ғұмырын ұстаздыққа арнаған жары – Сәбирә Шәкірқызы. Екеуі бірлесіп өрісті ұл мен өнегелі қыз тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көруде. Ағайын-туыстың асқар таудай тірегі бола білген ол қызық-қуаныштарын бөлісуден шет қалған емес. Сағынжан Асыл-Кеней барша әріптестері үшін де ақылшы аға, айнымас дос, үлгі тұтар тұлғаға айналғалы қашан?!
Тәуелсіз Қазақстанның, дербес мемлекетінің, еркін елінің әрбір алған белесі мен жеткен биігіне шын жүрегімен қуанатын асыл азамат өзі де хал-қадерінше осы ұлы мақсатқа қызмет етіп келеді. Ендеше халқына қызмет жасауды өзінің өмірлік ұстанымы еткен Сағынжан Байболұлы Асыл-Кеней ағаны біз де мерейлі мерекесімен құттықтап, ұзақ та мағыналы ғұмыр кешуіне тілектестігімізді білдіреміз!

Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы.